01 тамыз 2014 | 11:27

"Шоқан Уәлиханов керуенінің ізімен" экспедициясы - Қашғарда

ПОДЕЛИТЬСЯ

©Владимир Прокопенко ©Владимир Прокопенко

Ұлы ғалым Шоқанның 180 жылдығына арналған "Шоқан Уәлиханов керуенінің ізімен" атты ғылыми-танымдық экспедиция көне де жұмбақ қала - Қашғарға жетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz-тің сапарға қатысып жатқан тілшісі.


Иконка комментария блок соц сети

Ұлы ғалым Шоқанның 180 жылдығына арналған "Шоқан Уәлиханов керуенінің ізімен" атты ғылыми-танымдық экспедиция көне де жұмбақ қала - Қашғарға жетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz-тің сапарға қатысып жатқан тілшісі.

Қазақстан ұлттық географиялық қоғамының осы жобасына қатысушылар Қашғарға барар жолда Күшәр қаласына бірнеше күн аялдады. Шоқан Уәлихановтың жазбаларында "Бұл - 10 мың үйден тұратын ірі қала, мұнда мұсылмандар тұрады, 600 адамнан құралған қытай әскері бар. Хи-ши-хоа өзені қала мен қытай әскери қалашығы арасын бөліп тұр", - делінеді.

Бүгінде Күшәрде жаңа аудандар, қазіргі заманғы ғимараттар пайда болған. Көне қалашық аумағындағы құрылыстар мемлекеттің бақылауында. Ежелгі дәуірдегі сияқты мұнда қазір де үлкен базар бар, мұнда адамға керектінің бәрін табуға болады.

Жергілікті тұрғындар электр тетікті мопедпен жүреді, сол себепті Күшәр көшелерінен двигательдің дыбысы естілмейді.

Күшәрде экспедиция мүшелері қаланың құрметті князі, Күшәр хандығы билеушілерінің ұрпағы Дәуіт Мақсұтпен кездесті. Бірақ 87 жастағы князь ауырып жатқандықтан, кездесу ұзаққа созылмады, дегенмен қазақстандықтар оны Ораза Айт мерекесімен құттықтап, онымен бірге суретке түсіп үлгерді.

Ғалымдар тобы көне дәуірлерде буддистер мекендеген Сұбаш қаласында да болды. Мұнда бір кездері үлкен храм болған, оның үңгірлерінде жергілікті халық Буддаға ғибадат еткен. V-VII ғасырлар қаланың гүлденген кезі болған, мұнда әлемнің әр түкпірінен монахтар мен басқа да буддистер келген. IX-X ғасырларға қарай өңірге мұсылман діні келгеннен кейін буддистер қаланы тастап, тау-тасты сағалауға мәжбүр болды.

Қашғарға барар жолда экспедиция мүшелері Ақсу қаласында және Қызылжар каньонында болды.

Географ Қадыр Мұсаның айтуынша, бұл бірегей географиялық нысан жоғары температураның, Күн сәулесінің және күшті желдің әсерінен пайда болған. "Каньон немесе құрғақ тауаралық жазықтық сазды жыныстан тұрады, сол себепті құздар үгілуге бейім. Мұнда рельефтің өсімдік пен жануарлар әлемінсіз айқын бедерленген формалары бар, Шарын каньонынан айырмашылығы - ол судың әсерінен опырылатын болса, бұл жер Күн мен желдің әсерінен өзгеріп отырады", - дейді Мұса.

Бұдан соң қазақстандықтар буддистердің "Мың үй" храмында болды. Ол көп үңгірден тұрады. Діни нысанның құрылысы біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ-IV ғасырларда басталып, 500-600 жылға жуық уақыт бойы жалғасқан. Бүгінде буддистер Жаратушыға табынған 339 үңгір табылып отыр. Әрқайсысының бөлек есігі және кем дегенде екі бөлмесі бар. Қабырғалардан Будданың тақуалық өмірі мен уағыздарды бейнелейтін фрескалардың қалдықтарын көруге болады.

Шоқан Уәлиханов еңбектерін зерделеуші Назарбаев Университетінің магистранты Жалия Жайдақбаеваның айтуынша, Ақсу Шығыс Түркістанның негізгі қаласы болған, Шығыс Түркістан құрамына одан бөлек, Қашғар, Жаркент, Қотан, Үш, Күшәр, Қарашар қалалары кірген.

"Уәлиханов Ақсу қаласына кіре алмаған, өйткені мұнда жергілікті қазынашылық көліктер мен саудагерлер керуеніне ғана рұқсат етілген. Ғалым бұл қалада болғандардың айтуы бойынша Шығыс Түркістан қалалары арасында ыңғайлы қатынас жолы болғанын жазады. Жолаушылар ыңғайлы тұрақтарға аялдап, демалған. Меніңше, осы бағытпен келе жатқан біз соны байқап отырмыз", - дейді Жайдақбаева.

Қашғарға 150 шақырым қалған кезде экспедиция мүшелері Шекер ауылына аялдады. Тәтті қауыны мен қарбызы көп бұл ауылдың атына заты сай.

Үрімжі қаласынан 1500 шақырым жүрген қазақстандықтар Қашғар қаласына да жетті. "Көп нәрсе көрдік, өлкенің тарихын білдік, бұл біздің келешек жұмысымыз үшін қажет. Біздің "Орталық Азияның Ұлы Жібек жолы" атты бағытымыз туристерді қызықтырады деп сенеміз. Енді бізге қазақтың ұлы ғалымы, саяхатшысы Шоқан Уәлиханов болған орындарды көріп, зерделеу қалып тұр", - дейді "Шоқан Уәлиханов керуенінің ізімен" атты экспедицияның жетекшісі Орденбек Мазбаев.

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Валюта бағамы

 494.98   521.17   4.92 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети