Шығыс Қазақстан облысындағы 6 ауданда су тасу қаупі бар, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ШҚО Ақпараттық орталығына сілтеме жасап.
Шығыс Қазақстан облысындағы 6 ауданда су тасу қаупі бар, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ШҚО Ақпараттық орталығына сілтеме жасап.
Орталықтың мәліметінше, алдағы демалыс күндері ШҚО аумағында ауа температурасы 22 градусқа жетуі мүмкін. Осыған байланысты, аймақта дайындық жұмыстары бақылауда болғанымен, мамандар кейбір өңірлерге баса назар аударып отыр. Ол 6 ауданның қатарында: Бесқарағай, Глубокое, Зырян, Катон-Қарагай, Көкпекті және Шемонаиха аудандары бар.
"Бүгінгі таңда 45 елді мекен қатаң бақылауға алынды. Мамандардың болжауынша, күннің күрт жылынуынан облыстың 6 ауданында төтенше жағдайлар туындауы мүмкін. Жауапты мекемелер өңірлерде су тасқынының алдын-алу шараларын жүргізіп жатыр", - делінген хабарламада.
ШҚО ТЖД басшысының орынбасары Александр Ломыгиннің айтуынша, облыс аумағындағы төтенше жағдайлардың шұғыл түрде алдын-алу мақсатында арнайы штаб құрылды. ШҚО ТЖД-нің жеке құрамынан іріктелген 254 құтқарушы 6 топқа жасақталған.
"10-13 сәуір аралығында штабтың топтары мен арнайы құрал-жабдықтар аталған өңірлерге бағытталады. Автокөлікті техникалар, жүзу және құтқару жабдықтары толық даярланған. Қазіргі уақытта өңірдегі су қоймалары мен өзендердің жағдайы ұдайы бақылауға алынған", - деді ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қарағанды облысында бір ауылды қар суының басып қалғаны хабарланған еді. Қар суының астында қалған аймақ - Шет ауданының Ағадыр ауылы. Ауыл тұрғындарының айтуынша, қар суынан ондаған үйге зақым келген, төтенше жағдай 24 наурыз күні кешкі уақытта басталыпты. Ал бұдан кейін осы облыстағы облысының алты ауыл мен бір қаланы еріген қар суының басып қалғаны белгілі болды.