2025 жылы Шымкент қаласында әлеуметтік қолдау шараларын күшейту, кәсіпкерлікті дамыту, туризм мен креативті индустрияны ілгерілету, цифрландыру мен жасанды интеллектті енгізу, сондай-ақ инвестициялар тарту мен өнеркәсіп өндірісін арттыру бағыттарында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Әлеуметтік қолдау шаралары
Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдау мақсатында 2025 жылы 333-тен астам тұрғынға өтеусіз мемлекеттік гранттар берілді. Бұл қаржы жеке кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік беріп, әрбір қатысушыға 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (1 572 800 теңге) ұсынылды. Жалпы 1756 өтініш қабылданып, комиссия шешімімен 336 азамат грант иегері атанды. Қаржы 333 адамға аударылды, ал екі азаматтың есепшоттары бұғатталуына байланысты гранттан бас тартуына тура келді.
Бірінші лек бойынша 134 азамат; оның ішінде 65 жеке кәсіпкер, 69 жұмыссыз, екінші лек бойынша 199 азамат; оның ішінде 101 жеке кәсіпкер, 98 жұмыссыз қолдауға ие болды. Грант иегерлері қатарында көпбалалы отбасылар 192 адам, мүгедектігі бар азаматтар 51 адам, мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырғандар 59 адам, асыраушысынан айырылғандар 22 адам және атаулы әлеуметтік көмек алушылар 9 адам бар.
Жобалар қызмет көрсету бойынша 151 жоба; оның ішінде өндіріс 53 жоба, кондитерлік және нан өнімдері 37 жоба, тігін өндірісі 35 жоба, жартылай дайын өнімдер 24 жоба, мал және құс шаруашылығы 12 жоба сынды бағыттарда жүзеге асырылуда. Мемлекеттік гранттар азаматтардың табысын арттырып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етуде. Сонымен қатар, қаржының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын бақылау мақсатында Еңбек мобильділігі орталығында арнайы мониторинг тобы жұмыс істейді.

Туризм мен креативті индустрия
Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуында туризм мен креативті индустрия маңызды рөл атқарады. Шымкент еліміздегі ірі мегаполистің бірі ретінде туристік әлеуетін арттырып, ішкі және халықаралық туризмді дамытуға баса назар аударуда. Қала аумағында орналасқан мәдени-тарихи нысандар мен заманауи инфрақұрылым туристердің қызығушылығын арттыруда.
Креативті индустрия саласында жаңа жобалар қолға алынып, жас кәсіпкерлер мен шығармашылық тұлғаларға қолайлы жағдай жасалуда. Бұл бағытта түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, шығармашылық әлеуеті бар азаматтарды қолдауға арналған алаңдар ашылуда.

Цифрландыру және жасанды интеллект
Шымкент қаласында цифрлық экожүйені дамыту шеңберінде мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі онлайн форматқа көшірілді. Жасанды интеллект технологиялары білім беру, денсаулық сақтау және қоғамдық қауіпсіздік салаларында қолданыс табуда. Бұл өз кезегінде мегаполистің технологиялық серпінін арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етуде.

Инвестициялар мен өнеркәсіп
Қала экономикасын әртараптандыру және тұрақты өсуін қамтамасыз ету мақсатында инвестициялар тарту мен өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жаңа өндіріс орындары ашылып, өңдеу өнеркәсібінде бірқатар жобалар іске қосылды.
Инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалып, тағам өнеркәсібі, тігін және жиһаз жасау, сусындар өндіру, жартылай дайын өнімдер шығару сынды салаларда белсенді инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын құруға және қаланың экономикалық тұрақтылығын арттыруға жол ашуда.
Шымкент қаласының 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, кәсіпкерлікті қолдауға, инвестициялық тартымдылықты күшейтуге және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Қолға алынған бастамалар мегаполистің инновациялық даму жолын айқындап, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға нақты мүмкіндік беруде.