Қызылордалық полицейлер үскірік аязда жол жиегінде қалып қойған жолаушыларды құтқарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Қызылорда облысы ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қызылордалық полицейлер үскірік аязда жол жиегінде қалып қойған жолаушыларды құтқарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Қызылорда облысы ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға 2018 жылдың 27 қаңтарында болған. "Сағат 11.43 шамасында Қызылорда облысы ІІД-нің Жергілікті полиция қызметі Жол-патрульдік полиция ротасының қызметкерлері қызметтік автокөлігімен аумақты барлау кезінде Шымкент-Самара тасжолының Тартоғай елдімекені тұсында тұрған Mercedes-Benz Sprinter маркалы шағын автокөлікті байқайды. Тексеру кезінде, күннің суығынан автокөліктің жанар-жағар майы қатып қалып, автокөлік оталмай қалғандығын анықтайды. Автокөліктің ішіндегі 20 жолаушының салқындап қалуынының алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері тиісті шаралар қабылдап, Шиелі бағытына жол тартқан автокөліктерді тоқтатып, азаматтарды отырғызып жіберген", - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Ал, ақауы бар автокөлік Шиелі кентінің автокөлік жөндейтін орнына жеткізіліпті.
Дәл осындай дерек "Қызылорда-Арал" трассасында да болған. Байқоңыр қаласына бағыт алған автобус істен шығып, ішіндегі 47 жолаушысымен қоса жол бойында қалып қойған. Автобустағы адамдарға полиция қызметкерлері жедел көмек көрсетіп, адамдар құтқарылған.
Айта кетерлік жайт, бір күн ішінде полиция қызметкерлері жол бойында қалған 15 автокөлік жүргізушілері мен жолаушыларына көмек көрсетіп, төтенше жағдайлардың алдын алды.