Шымкентте қала тұрғыны нәрестесінен айырылды. Туыстары бұл жағдайға дәрігерлерді кінәлап, істі мұқият тергеуді талап етіп отыр. Сәби ана құрсағында шетінеп кеткені айтылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Almaty.tv сюжетіне сілтеме жасап.
Мән-жайы
30 жастағы әйел қалалық №2 ауруханада босануы тиіс болған. Жақындарының айтуынша, ол медициналық мекемеге алдын ала жатып, бір айдан аса уақыт сонда болған. Жүктілік мерзімі жақындаған сайын оның жағдайы нашарлай түскен. Туыстарының сөзіне қарағанда, әйел дәрігерлерден бірнеше рет көмек сұраған, алайда олар "шыдай тұр" деумен шектелген. Салдарынан нәресте жатырда шетінеп кеткен.
"Оны 5-6 рет тексерді, КТ қорытындылары нашар болды. Түнде мазасызданып жүрді. Мұның бәрін дәрігерлерге айттық, бірақ ешқайсы дұрыс қарап, шара қолданбады. Соның салдарынан баламнан айырылдым", – дейді марқұм сәбидің әкесі.
Әйелдің туыстары не дейді?
Отбасының айтуынша, қайғылы оқиғадан кейін дәрігерлер нақты түсініктеме бере алмаған. Керісінше, жауапкершілікті өздерінен алып тастауға тырысып, "нәресте толық дамымаған" деген уәж айтқан. Сонымен қатар, туыстарының сөзіне қарағанда, медицина қызметкерлері әйелді журналистермен сөйлеспеуді өтініп, палатада ұстаған.
"Палатаға кіргенімде, бас дәрігердің міндетін атқарушы, акушерлер, медбикелер және тіпті тергеуші жиналып тұр екен. Олар қарындасыма баланы моргқа бермеуді сұраған, әйтпесе, тексеру үшін баланы сояды деп қорқытыпты. Меніңше, олар ашық тергеуге жол бермей, істі жасырғысы келді", – дейді әйелдің ағасы.
Телеарна мәліметінше, қазір бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалған. Полиция дәрігерлердің әрекетін тексеріп жатыр. Нәресте сот-медициналық сараптамаға жіберілген. Ол сәбидің өлімінің нақты себебін анықтауы тиіс.
Дәрігерлер не дейді?
Ал қалалық денсаулық сақтау басқармасында кесарь тілігі жоспарланғанын айтты.
"Кесарь тілігін осы аптада жасау жоспарланған, себебі ұрықтың өкпесін дайындау қажет болды. Плацента мен оның тамырларындағы проблемалардан кейін ұрықты қоректендіру мен оттегімен қамтамасыз ету нашарлап, ағза өзінің тепе-теңдігін сақтай алмай, декомпенсация болған. Осылайша, 4 желтоқсанға қараған түні ұрықтың антенаталдық өлімі тіркелді", – деді басқарма өкілі Инна Глазебная.
Қайғылы оқиғадан кейін перзентханада бақылау күшейтілген. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тексеріс жүргізіп жатыр.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!