Шымкентте екі жаңа өндірістік аймақ салынып жатыр, тағы үшеуін кеңейту жұмыстары қолға алынған. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін 13 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл туралы Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Шымкент қаласында өндірістік аймақтарды дамыту, кеңейту және жаңа инвесторларды тарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қала аумағында екі жаңа өндірістік аймақ салынып жатыр, тағы үш өндірістік аймақты кеңейту жұмыстары қолға алынған. Бұл аумақтарда жалпы құны 900 миллиард теңге болатын 300 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Нәтижесінде 13 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылатын болады.

"Өндірістік аймақтарды көбейту – мегаполистің ұзақ мерзімді экономикалық дамуын айқындайтын маңызды қадам. Инвесторлар үшін инфрақұрылымы толық дайын алаңның болуы шешуші рөл атқарады. Осыған байланысты біз жаңа индустриялық аймақтар құрып, қолданыстағы аумақтарды кеңейтіп, бизнеске қолайлы жағдай қалыптастырып отырмыз. Бұл тек жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, қаланың өнеркәсіптік әлеуетін жаңа деңгейге көтереді", – деді қала әкімі.
Әкімнің сөзінше, екі жаңа өндірістік аймақтың біріншісі – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Шымкентте өңірдің барлық тауар ағынын қабылдап, таратуға мүмкіндік беретін "Өңірлік хаб" құру жұмыстары. Осы мақсатта Сауда-логистикалық орталықты кеңейту жобасы жүзеге асуда және ол келесі жылы толық аяқталмақ. Бұл өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, сауда мен бизнестің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.
Екіншісі – "Стандарт" жеке индустриялық аймағының іске қосылуы. Мұнда өндірістік аймақпен қатар мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылыммен қамтылған арнайы шағын өндіріс алаңдары салынған.
Ғабит Сыздықбеков екі жоба да аяқталуға жақы екенін атап өтті.