Шымкентте сәулет және қала құрылысы басқармасының ұсталған басшысының орнына уақытша міндетін атқарушы келді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Шымкент әкімдігінің баспасөз қызметі мәліметінше, 15 тамыздан бастап құқық қорғау органдары тарапынан Шымкенттің сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Әбдешовке қатысты қылмыстық іс қозғалуына байланысты оның міндетін уақытша атқару осы басқарма басшысының орынбасары Даурен Мұқановқа жүктелді.
Даурен Мұқанов 1991 жылы Алматы қаласында туған. Еңбек жолын 2013 жылы "Талғар сәулет" ЖШС-де сәулетшінің көмекшісі болып бастаған. 2018 жылы Талғар ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімінде бас маманның міндетін уақытша атқарушы қызметін атқарып, сол жылы бөлімнің бас маманы болып тағайындалды.
2021–2024 жылдары Талғардың сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы қызметін атқарды. 2024 жылы уақытша бөлім басшысы, Қаскелеңнің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысының орынбасары болып тағайындалды.
2025 жылдың қаңтарынан наурызына дейін Шымкенттің жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының жұмыспен қамтуды үйлестіру және еңбек нарығы бөлімінде бас маманның міндетін уақытша атқарушы болды, наурызда осы бөлімнің бас маманы қызметін атқарды. Биылғы мамырдан бастап бүгінгі күнге дейін Шымкенттің сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған.
Шымкенттің бас сәулетшісінің ұсталуына қатысты
Еске салайық, 14 тамызда бірнеше Telegram-арна мен БАҚ Шымкенттің сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Әбдешовтің ұсталғанын хабарлап, оның өзгенің мүлкін иемденді деген күдікке ілінгенін жазды.
Кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі Шымкенттің бас сәулетшісі Арман Әбдешовтің ұсталғанын растады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!