Шымкент әкімдігі тұрғындарға қаладағы серуен аймағында велосипед пен самокат тізгіндеуге тыйым салынатынын ескертті.
Былтыр Қажымұқан стадионы мен Дендросаябақ арасындағы бұрынғы балалар теміржолының орнына жаңа серуен аймағы салынды. Бүгінге дейін бұл жолды тек жаяужүргіншілер емес, велосипедшілер мен самокат тізгіндегендер де пайдаланып келген еді.
"Тұрғындар тарапынан түскен өтініштерге байланысты және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында дүйсенбіден бастап бұл аймақта велосипед пен самокат жүргізуге тыйым салынады! Себебі соңғы кездері самокат пен велосипедтің жылдамдығын асыру салдарынан бірнеше рет адам қағып кету секілді қауіпті жағдай тіркелді. Алдағы уақытта бұл жолақ тек жаяу жүргіншілер жүретін серуен аймағы ретінде қалады. Қазір жол белгілері толық жаңартылды", - деп ескертті әкімдік өкілдері.

Ал велосипед пен самокат тізгіндейтіндерге арнайы "Денсаулық жолы" деп аталатын жаңа веложол салынған. Жолдың жалпы ұзындығы - 13,1 шақырым. Бүгінге дейін Бәйдібек би даңғылы мен Бозарық айналма жолына дейінгі 3,5 шақырымдық веложол пайдалануға берілген еді. Велосипедшілер осы жолда серуендей алады.
Суреттер: Шымкент ІСБ
"Қазір бұл бағыт А-2 айналма жолымен Ипподромға дейін жалғасып, тағы 4,1 шақырым жол салу жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деді әкімдік өкілі.