Бүгін ҚР Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков Тәжікстан Республикасының Қайраққұм қаласында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер қорғаныс министрлерінің кеңесіне қатысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін ҚР Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков Тәжікстан Республикасының Қайраққұм қаласында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер қорғаныс министрлерінің кеңесіне қатысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиында Ұйымға мүше мемлекеттер қорғаныс ведомстволарының басшылары 2013 жылғы ынтымақтастық шараларын қорытындылап, әскери ведомстволар арасындағы өзара қарым-қатынасты одан әрі дамыту жолдарын талқылады. Тараптар халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.
"Бүгінгі Кеңес Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы шеңберіндегі өзара іс-қимылдардың жалпы контексінде маңызды рөл ойнайды. Орталық Азияда өңірлік қауіпсіздіктің көпдеңгейлі жүйесі қалыптасқан және ШЫҰ - соның маңызды компоненті. Біздің ұйым ортақ мүдделерімізге жауап беретін ынтымақтастық пен өзара қарым-қатынасты, ашық үнқатысуды белсенді дамытуға қызмет етеді", – деді Әділбек Жақсыбеков. Ол Орталық Азия өңірінің бүкіл әлем сияқты күрделі кезеңді бастан кешіп отырғанын да атап өтті. Бұл ретте Ауғанстандағы жағдайдың айрықша маңызға ие екені мәлім. Биыл халықаралық коалициялық күштер жүргізіп жатқан операциялардың шешуші кезеңі аяқталады. Осы елдің аумағында экстремистік элементтердің бой көтеру қаупі бар.
"Қазақстан Орталық Азия елдерінің аумағына еніп, жағдайды тұрақсыздандыруы мүмкін деструктивті элементтердің осы аймақта қарқын алуына алаңдаулы. Әрине, Ауғанстан проблемасын шешу ең алдымен ауғандықтардың өз қолында. Алайда, біз Ауғанстанға халықаралық күштер шыққаннан кейінгі туындайтын қауіп көзімен ғана қарамауымыз керек. Бұл елге көмек қажет. Қазақстан өз тарапынан Ауғанстанға әлеуметтік, білім беру бағдарламалары және жобалар арқылы гуманитарлық жәрдем көрсетуді жалғастыра береді", – деді Қазақстан қорғаныс ведомствосының басшысы.
Жақсыбеков Қазақстан басшылығының барлық даулар мен қарама-қайшылықтарды халықаралық құқық принциптеріне сәйкес және барлық тараптардың заңды мүдделерін ескере отырып, дипломатиялық құралдар арқылы бейбіт жолмен шешуді қолдайтынын айтты. "Бұл ретте өз ынтымақтастығында сенімді, тату көршілік пен достық қарым-қатынасты басшылыққа алатын ШЫҰ-на мүше мемлекеттер Қорғаныс министрліктері арасындағы өзара іс-қимыл деңгейі қанағаттандырарлық", – деп атап өтті. Ол сондай-ақ Ұйымға мүше мемлекеттердің сеператизмге, экстремизм мен терроризмге қарсы күрестегі бірлігін көрсететін "Бейбіт миссия" оқу-жаттығуын өткізудің өзектілігі артып отырғанына тоқталды. "Биыл Қытай Халық Республикасында өтетін кезекті оқу-жаттығу бұл пікірді тағы да нақтылай түседі", - деді министр.
Кеңес барысында министрлер "Бейбіт миссия-2014" террорға қарсы бірлескен әскери командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізуге дайындық барысын талқылап, бірлескен іс-шараларды жүргізуді үйлестірді. Кеңестің қорытындысы бойынша ШЫҰ-на мүше мемлекеттердің қорғаныс министрлері Бірлескен коммюникеге қол қойды.