Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин симптомсыз коронавируспен ауырып жатқан науқастарды ауруханаға жатқызу пайдасыз әрі қауіпті деген дәрігерлердің сынына жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин симптомсыз коронавируспен ауырып жатқан науқастарды ауруханаға жатқызу пайдасыз әрі қауіпті деген дәрігерлердің сынына жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, инфекция тізбегін үзу үшін эпидемиялық процестің үш буыны қолданылады. Олар:
- инфекция көзіне (ауру адам, вирус тасымалдаушы);
- берілу жолына (коронавирус ауа тамшылары мен тұрмыстық заттар арқылы жұққанда: қорғаныс құралдары мен әлеуметтік қашықтық, тығыздықты азайту қолданылады);
- сезімтал ағзаға, яғни иммунитеті жоқ байланыста болған адамдарға.
"Вакцинаның болмауына байланысты біз әлі сезімтал ағзаға әсер ете алмаймыз. Ал берілу жолына жасалған жұмыс қажетті нәтиже бермейді, өйткені халық енгізілген шектеулерді үнемі бұзады және қорғаныс құралдарын қолданбайды. Мұны эпидемиологиялық тергеу нәтижелері растады", - деді Бекшин.
Бас дәрігердің айтуынша, инфекция жұғатын негізгі орындары:
- отбасы - 35 пайызына дейін;
- қоғамдық орындар - 40 пайыз;
- қоғамдық көлік - 20 пайыз.
"Осыны ескере отырып, біз инфекция көздерін, ең болмағанда, клиникалық белгілері бар, сондай-ақ зертханалық зерттеулер кезінде анықталған байланыста болған және Алматы зертханасына өзі жүгінген науқастарды оқшаулау туралы шешім қабылдадық", - деді Жандарбек Бекшин.
Ол соңғы қаулы қабылданғанға дейін санитар дәрігерлер мен медицина қызметкерлері ауруханаға жатқызудың бұл тәсілін сынап көргенін айтты. 25 желтоқсаннан бастап олар екі-үш апта ішінде коронавирустың симптомсыз және жеңіл түрлері анықталған науқастардың 30-35 пайызын карантиндік стационарға жеткізген. Бекшин бұл жағдайда отбасыларда инфекция жұқтыру тоғыз пайызға төмендегенін айтты.
"Нәтиже бірден көрінді. Сонымен қатар, Қытайдағы КВИ-мен күрестің салыстырмалы тәжірибесін ескеру қажет. Онда коронавирус жұқтырғандардың барлығы 100 пайыз міндетті түрде ауруханаға жатқызылады. Ал ауруханаға жатқызу міндетті емес саналатын Еуропа мен осыған байланысты хаос болып жатқан АҚШ-тағы эпидемиологиялық жағдай белгілі", - деп қосты ол.
Алматының бас санитар дәрігері статистика бойынша 220 оқушы коронавирус жұқтырғанын хабарлады. Оның ішінде 193 бала (88 пайызы) онлайн оқиды. Бекшин бұл балалардың "күні бойы үйде отырғанын және ересек отбасы мүшелерімен байланыста болғанын" атап өтті. Ал қалған 27 бала (12 пайызы) күндізгі уақытын мектепте өткізіп, офлайн режимде оқыған.
"Эпидемиологиялық зерттеулер бойынша, балалар вирусты үй карантинінде қалған ересек отбасы мүшелерінен жұқтырғаны анықталды. КВИ-дің симптомсыз және жеңіл түрінің қаупі - олар басқаларды қоғамдық орындарда жүріп, қоғамдық көліктерге отырып жұқтырады. Олар әлеуметтік қашықтықты да, маска тағу режимін де сақтамайды", - деді Жандарбек Бекшин.
Алматының бас санитар дәрігері қаланың "сары" аймаққа өтуімен шектеулер жеңілдейтінін, өйткені ол "қызыл" аймақта болғанда қабылданғанын атап өтті.
Бұған дейін Medsupportkz қауымдастығының дәрігерлері қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің жаңа қаулысына баға берген болатын. Мамандардың айтуынша, ауру симптомсыз, жеңіл болғанда ауруханаға жатқызу және арнайы емдеу қажет емес. Сондықтан, олардың айтуынша, симптомсыз, жеңіл және орташа аурулар жағдайдағы науқастарды ауруханаға жатқызу клиникалық хаттамаға қайшы.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!