Таяу күндері Қазақстанның барлығына жуық аумағында көктайғақ күтіледі. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне "Қазгидромет" мамандары хабарлады.
Таяу күндері Қазақстанның барлығына жуық аумағында көктайғақ күтіледі. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне "Қазгидромет" мамандары хабарлады.
Қазақстан метеоқызметінің синоптиктері жасаған қысқа мерзімді болжамдар бойынша, 26-28 қараша аралығында еліміздің барлық өңірінде көктайғақ күтіледі.
"Қазір Ақмола, Павлодар, Қостанай облыстарындағы көктайғақ шығысқа ауысады. Ал таяу күндері 27-28 қарашада республиканың басым аумағында жауын-шашынды болады және көктайғаққа айналады. Алдағы үш тәулікте көктайғақ сақталады", - деді "Қазгидромет" кәсіпорнының жетекші инженер-синоптигі Алуа Саханова.
Синоптиктің мәліметінше, таяу күндері антициклонның орнына Ресейдің еуропалық аумағынан және Каспийдің оңтүстігінен циклон мен атмосфералық фронттар келеді. "Осыған байланысты жауын-шашын, қар аралас жаңбыр және Қазақстанның барлық облысында көктайғақ күтіледі. Бірақ 28 қарашада батысқа кезекті антициклон келіп, жауын-шашын тоқтайды", - деді Саханова.
Таяу күндердегі ауа температурасы туралы айтқан маман, оның әлі де климаттық нормадан 5-10 градусқа жоғары болатынын хабарлады. Солтүстік-батыста түнде 0-10 градус суық, күндіз -2+3 градус жылы, кей жерлерде 8 градус суық болады. Орталықта түнде 0-5, кей жерлерде 15-20 градус аяз болады, күндіз 2-7 градус жылы, кей жерлерде 2-7 градус суық болады.
Шығыста түнде 0-12 градус суық, күндіз 0-5 градус жылы, кей жерлерде 5 градус суық болады. Оңтүстікте жылы болады, түнде 0-5 градус жылы, кей жерлерде 3 градус суық, күндіз 5-15 градус жылы болады. Батыста 28 қарашаға қараған түні ауа температурасы төмендей түседі. Түнде 0-5 градус суық, кей жерлерде 3 градус жылы - 11 градус суық, ал күндіз 0-7 градус жылы және 0-5 градус суық болады.
Метеоқызмет маманы елорданың ауа райына да тоқталды. Ертең Астанада ала бұлтты болып, түнде жауын-шашын күтіледі. "Бүгін түнде ауа температурасы 3-5 градус, күндіз 0-2 градус суық болады. 27 қарашада жауын-шашынсыз болып, оңтүстіктен жел соғады, түнде 2-4 градус суық, күндіз 0 градус шамасында болады. 28 қарашада қар жауып, бұрқасындатады. Желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді. Түнде ауа температурасы 5-7 градус, күндіз 2-4 градус суық болады", - деді Саханова.
Еске сала кетейік, еліміздің кейбір облыстарында көктайғақ нағыз проблемаға айналды. Қостанай көшелері жаңбырдан кейін мұз айдынына айналды. Көктайғақтың салдарынан зардап шеккен адамдардың саны 250-ден асты. Ақмола облысында көктайғақтың салдарынан жүзден аса адам дәрігердің көмегіне жүгінді.