Премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен басқа да лауазымды адамдардың ұсталғаны жөніндегі ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл туралы Tengrinews.kz дереккөздері хабарлады.
Дереккөздер мәліметінше, ақпарат жалған. Tengrinews.kz редакциясы ресми ақпарат алу үшін Сыртқы істер министрлігіне сауал жолдады.
Бұған дейін кейбір БАҚ-та премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, кәсіпкер Гаджи Гаджиев және ҰҚК-нің жоғары лауазымды қызметкерлері ұсталды деген ақпарат тараған болатын.
Айта кетейік, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook әлеуметтік желісінде ақпарат расталмағанын айтып, жазба жариялады.
"Көбіне расталмаған "хайп қуған" деректерге еремін деген журналистер мұндай мәлімет азаматтарға және олардың жақын туыстарына зиян тигізуі, ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіруі, жала болып шығуы мүмкін екенін есте ұстауы тиіс. Әріптестерді кәсіби БАҚ пен журналистер сақтауға тиіс міндеттемелерді орындауға шақырамын. Сондай-ақ, жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік әрі қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске саламын", - деп жазды Балаева.

Еске салайық, Мұрат Нұртілеу 2023 жылғы 3 сәуірде премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі қызметіне тағайындалған болатын.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!