09 мамыр 2018 | 13:26

"Соғысқа жалаң қолмен бардық". Астаналық 94 жастағы ардагердің әңгімесі

© Tengrinews.kz

Астанада Ұлы Отан соғысына қатысқан 93 ардагер бар. Олардың бірі - 94 жастағы Ахат Бекмәди. 94 жастағы ардагер жыл сайын 9 мамырда "Отан қорғаушылар" монументінде болатын іс-шараға қатысады екен. Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Ахат ата Tengrinews.kz тілшілеріне майданда бастан кешкен оқиғасы жайлы әңгімеледі.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Астанада Ұлы Отан соғысына қатысқан 93 ардагер бар. Олардың бірі - 94 жастағы Ахат Бекмәди. 94 жастағы ардагер жыл сайын 9 мамырда "Отан қорғаушылар" монументінде болатын іс-шараға қатысады екен. Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Ахат ата Tengrinews.kz тілшілеріне майданда бастан кешкен оқиғасы жайлы әңгімеледі.

Соғыс басталғанда Ахат Бекмәди 18 жаста болған екен. Ол кезде ардагер Петропавлдағы педагогикалық училищеде оқып жүріп, майданға аттанғысы келген екен.

Реклама
Реклама

"Бізді майданға жіберулерін сұраған едік. Бірақ олар бізге былай деді: "Сендерде әлі бір жыл бар, оқуларыңды аяқтаңдар, сосын алып кетеміз". Расында да біз 1942 жылы емтихан тапсырып жаттық. Кейін маған жұмысқа орналасуға қағаз берді, бірақ мен әскери комиссариатқа бардым, сол жақтан бізді армияға алып кетті. Сол кезде Ақмола жақта әскери қалашық бар еді. Бізді сонда бір ай уақыт дайындады. Саптық даярлық болды. Сосын атуды үйретті - оқ берді. Маған "жақсы оқ атасың" деп айтқан еді. Кейіннен полкымыз бізді майданға жіберді, - дейді ардагер.

Осылайша, 1942 жылдың жазында Ахат Бекмәди мен тағы бір топ жігіт Көкшетаудан Тулаға аттанған.

"Соғысқа күшті рухпен және құлшыныспен аттандық. "Барып соғысамыз, немістерді қашырамыз" деп айтып жүрдік. Бірақ барлығы керісінше болды. Неліктен олай болды дейсіздер? Себебі біз соғысқа қарусыз, жалаң қолмен бардық. Винтовкаларымыз болмады, командирлерде тапаншалар болды, ал біз соғысқа жалаң қолмен аттандық. Тулада неміс ұшағы бізге жаудыра оқ атты. Тауар тасымалдайтын пойызбен жеттік. Содан орманға қарай жүгіре бардық, сол жақта неміс ұшқыштары парашютпен түсіп келді. Оларды тұтқынға алайын деп барсақ, немістердің қолында тапаншалары бар. Дегенмен біз оларды қоршауға алып, тұтқындай алдық, себебі біз көп адам болдық. Сосын бізді майдан басшылары күтіп алып, тамақтандырып, қолымызға қару ұстатып жіберді", - деп еске алады Ахат Бекмәди.

"Соғысқа алғаш келген сәтім есімде. Бізге "Майдан анау жақта, сол жаққа қарай барыңдар" деп айтты. Сол кезде орманда снаряд жарылады. Өрт шығады. Адамдардың айғайы да естілді. Мұндай дауыстар өмір бойына есте қалады", - дейді 94 жастағы қария кейде осы сәттерді түсінде де көретінін айта отырып.

Ахат Бекмәди Мәскеу қорғанысында, Ресейдің Курск және Орлов қалаларында болған шайқастарға қатысқан. Екі рет жарақат алған. 

Осы сәтте ардагер Ахат Бекмәдиді Жеңіс күнімен құттықтауға Алматы әкімдігінің өкілдері кіріп келді.

"Біз жақтан майданға 11 адамды шақыртты. Майданға жеткенде барлығымызды жан-жаққа шашыратып жіберді. 1945 жылы сол 11 адамның ешқайсысын сол күйі көрмедім".

"Соғыс кезінде аш қалмадыңыз ба?" деген сұраққа ардагер былай деп жауап берді: "Тамақтандырған жоқ деп айта алмаймын, жақсы тамақтандырды, нан болды. Бірақ көбіне ботқа мен шай берді".

Ахат Бекмәди екінші рет жарақат алған соң Новосібірдегі госпитальге жатқызылған екен. 1944 жылы ұзақ уақыт ем алған соң ардагер денсаулығына байланысты әскерден қайтарылыпты.

Оны туған ауылы Ақмола облысында анасы күтіп отырған. "Ауылда анамнан басқа ешкім болмады, тек анам мені күтіп отырды. Колхозда сауыншы болып жұмыс істейтін. Мені көрген кезде жылап жіберді", - деп көзіне жас алды ардагер.

Әскерден қайтарылған соң Ахат Бекмәди Ақмола облысындағы орта мектептердің бірінде мұғалім болып жұмыс істеген. Математика, физика пәндерінен сабақ берген, мектеп директоры да болған екен. Бес баласы, тоғыз немере мен жеті шөбересі бар.

Ахат Бекмәди "Отан соғысының I және II дәрежелі" орденарымен марапатталған. Сондай-ақ, ардагер 2015 жылы Мәскеуде Қызыл алаңда өткен шеруге қатысқан.

Ал 9 мамырда Ахат ата Астанадағы Мәңгілік алауға келеді екен. Сол жақта "Отан қорғаушылар" монументінде Нұрсұлтан Назарбаев соғыс ардагерлерімен кездеседі.

"Онымен жыл сайын кездесеміз. Былтыр бір дастарқан басында отырғанбыз. Ол менен үнемі қалай өмір сүріп жатқанымызды сұрайды. Маған қарап "Жасыңыз нешеде?" деп сұрады, мен "94 жастамын" деп жауап бердім. Маған біраз қарады... Өзім ішімнен бұл нағыз қарттық деп ойлап тұрдым. Ол да солай ойлаған шығар, - деп күлді ардагер. - Сол кезде Президент келесі жылы да дәл осы уақытта кездесу керек екенімізді айтты. 

Айта кетейік, бүгін қазақстандықтар Жеңіс күнін тойлап жатыр. Еліміздің барлық өңірінде Ұлы Отан Соғысы ардагерлерінің қатысуымен түрлі мерекелік іс-шаралар өткізіліп жатыр.

Ресми мәліметтерге қарағанда, бүгінде республикада 2 067 Ұлы Отан соғысы қатысушылары мен мүгедектері (1494 Ұлы Отан соғысы қатысушылары,573 Ұлы Отан соғысы мүгедектері), 39 723 оларға теңестірілген адамдар (22 649 ҰОС қатысушыларына теңестірілгендер, 17 074 ҰОС мүгедектеріне теңестірілгендер), 166 700 Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген басқа санаттағы тұлғалар (оның ішінде 140 606 тыл еңбеккерлері) тұрып жатыр.

Сондай-ақ, осыған дейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтаған болатын. 


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная