22 сәуір 2014 | 16:02

Соғыста тұтқында болған ақсақал жаладан ақтауды өтінеді

ПОДЕЛИТЬСЯ

Ахметбек Нұрманов. ©Тengrinews.kz Ахметбек Нұрманов. ©Тengrinews.kz

Ақтөбе облыстық прокуратурасы 93 жастағы ақсақал Ахметбек Нұрмановтың саяси қуғын-сүргін құрбаны ретінде ақталмайтынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.


Иконка комментария блок соц сети

Ақтөбе облыстық прокуратурасы 93 жастағы ақсақал Ахметбек Нұрмановтың саяси қуғын-сүргін құрбаны ретінде ақталмайтынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.

Ақтөбе облысы Ойыл ауданының тұрғыны, педагог Ахметбек Нұрманов 1948 жылы "Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде неміс тұтқынында жүріп, Отанын сатқан, Кеңес Одағы әскеріне қарсы күресу үшін Түркістандық легионда қызмет еткен" деп айыпталған. Сол жылдың 6 тамызында РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-1-бабының "б" тармағы және 58-10-бабының 1-бөлігі бойынша айыпты деп танылып, 25 жылға бас бостандығынан айырылады. Жазасын Колыма өлкесінде өтейді, жеті жылдан соң - 1955 жылы мерзімінен бұрын босатылып, елге келеді.

Ақсақал өзіне "Отанын сатты" деген айыптың нақақтан-нақақ тағылғанын айтады. 1941 жылы Батыс Украинада әскерде жүрген кезінде фашистер Кеңес Одағының шекарасына басып кіріп, Винница бағытындағы 1856-артиллериялық полкте болған бұл 41 жауынгермен бірге тұтқынға түседі. Немістер оларды Польшаның Холм қаласындағы лагерьде азаптайды. Кейін Орталық Азиядан келгендерді Ченстохова қаласындағы лагерьге бөлек жинайды. 45980 нөмірлі Нұрманов та солардың арасында болады. Тұтқындар Италияда әскери бекіністер салуға пайдаланылады. "Мен Түркістандық легионда болған емеспін, оны домалақ арыз жазған ауыл адамдары ойдан шығарды", - дейді ақсақал.

"Сатқын болудан аманмын, "Если я нарушу эту клятву, то пусть покарает меня суровый советский закон" деген әскери антты әркез санадан шығармадық. Бізді, орталықазиялықтарды бөлек лагерьге жинады, оның легион екенін кейін білдік. Осы жерде жүре тұрып, мүмкіндік болған кезде бірден Кеңес жағына шығамыз деп ойладық. Түркістан идеясы туралы ештеңе естігеніміз жоқ, мен идеяны не қылайын, шаң басқан Ойылым қымбат болды, ауылға қайтам деп ойладым. Ақыры, америкалықтардың көмегімен Кеңес әскері қатарына қосылдық та. Бірақ бізді "сатқындар" деп, Кузбасс кенішіне жұмысқа жекті. 1948 жылы елге келгеннен кейін ауыл адамдары "антикеңестік үгіт жүргізді" деп, домалақ арыз жазып, тағы соттатты", - дейді Нұрманов.

Жуырда қарияның туыстары прокуратура органдарына тағы да өтініш жолдап, оны ақтауды сұрады. Қадағалаушы органнан тағы да оң жауап алынбады. "А.Х.Нұрманов 1943 жылы фашистік Германияға адал түрде қызмет жасау үшін ант қабылдап, 1944 жылдың қыркүйек айына дейін Түркістандық легионда қызмет жасап, неміс әскерінің ефрейтор атағын иемденген. Қылмыстық іс бойынша ҚР Бас прокуратурасының саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бөлімімен 29.04.1994 жылы берілген №2875 cанды қорытындысына сәйкес, Нұрманов Ахметбек Хасанұлына 1993 жылғы 14 сәуірдегі ҚР "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" заңы қолданылмайтындығы және ол ақтауға жатпайтындығы көзделген. Жоғарыдағылардың негізінде аталған заңның 6-бабында соттар негіздеп айыптаған, сондай-ақ сот емес органдардың шешімдерімен жазаға тартылған, істерінде қылмыстары жеткілікті дәлелденген адамдар ақталуға жатпайтындығын түсіндіреміз", - делінген Ақтөбе облысы прокурорының орынбасары Қайрат Бөрібаев жолдаған хатта.

Ахметбек Хасанұлы құзырлы органдардың қылмыстық істер мұрағатындағы қасаң деректерді жыл сайын осылай жаттанды түрде қайталап келе жатқанына қынжылады. РКФСР Қылмыстық кодексінің әлдеқашан келмеске кеткенін айтқан майдангер тұтқында болғандарға кешірім жасауды жалбарынып сұрайды. "Өмірден "сатқын" болып өтуді қаламаймын, мен Отанымды әрқашан құрметтедім", - дейді ол. Айта кетейік, нақтыланбаған мәліметтер бойынша, Нұрманов бүгінде - "Түркістан легионында болды" деп айыпталған көзі тірі екі қазақстандықтың бірі.

 

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Валюта бағамы

 494.98   521.17   4.92 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети