Есірткі шегіп елірген сотталушылардың бейнежазбасынан кейін Алматы облысындағы ЛА-155/8 түзету мекемесінің бастығы қызметінен қуылды. Облыстық қылмыстық-атқару жүйесінің департамент басшысы мен орынбасары және колонияның 11 қызметкері тәртіптік жауапқа тартылған, - деп хабарлайды КТК.
Есірткі шегіп елірген сотталушылардың бейнежазбасынан кейін Алматы облысындағы ЛА-155/8 түзету мекемесінің бастығы қызметінен қуылды. Облыстық қылмыстық-атқару жүйесінің департамент басшысы мен орынбасары және колонияның 11 қызметкері тәртіптік жауапқа тартылған, - деп хабарлайды КТК.
Құзырлы орган қазір есірткінің түрмеге қайдан келгенін анықтап жатыр. Ал осы келеңсіз жайттан кейін еліміздің барлық түзету мекемелері тексеруден өтетін болды.
Бейнежазба он күн бұрын әлеуметтік желіде желдей ескен. Кадрде сотталушылар емін-еркін есірткі шегіп еліріп отыр. Видео авторы "түрмеде ағайындар туған күн тойлап, мәре-сәре болып жатыр" деп көсіле сөйлейді.
Келеңсіз жайт Алматы облысының Заречный елдімекеніндегі ЛА-155/8 түзету мекемесінде болған. Атышулы абақтыға бүгін қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы бастаған бір топ тексерушілер келді. Ең қызығы, комитет пен адам құқығын қорғайтын қоғамдық бірлестік өкілдері жазасын өтеушілермен кездесіп тілдескен жоқ. Тексеруші топ тек абақты қызметкерлері алдын ала дайындап қойған асхана, медпункт сынды санаулы орындарды аралап шықты.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы қоғамның назарын аудартқан бейнежазбадан кейін түзету мекемесінің бастығы қызметінен қуылып, колонияның 11 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын айтты. Сондай-ақ, облыстық департамент басшысы мен орынбасары да жазадан сытылмапты. Ал "есірткі темір тордың арғы жағында қайдан жүр" деген көпшіліктің көкейіндегі сұраққа Жанат Ешмағамбетов былай жауап берді.
"Сараптама қорытындысы бойынша сотталушылардың есірткі пайдаланғаны расталды. Қазір қылмыстық іс қозғалды. Соған сәйкес, есірткінің қайдан келгені анықталады.Тыйым салынған заттардың абақтыға келудің бірнеше каналдары бар. Олар: қоршаудың сыртынан және сәлемдеме арқылы жіберу немесе жазасын өтеушілер туыстарымен жүздесуден кейін есірткі осында жетеді", - деді ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов.
Бұл түзеу мекемесінде 800-ден астам жазасын өтеуші бостандыққа шығатын күнін санап жүр. Қатал тәртіптегі колонияда қанішерлер, педафилдер мен лаңкестер, атышулы іспен отырған қылмыскерлер де бар.
Жауапты комитет жыл басынан бері бас еркінен айрылғандардан 600 ұялы телефон, 7 келі есірткі мен 40 литр спирттік ішімдік тәркілепті. Алайда қылмыс жасағандары аздай тағы да заң бұзып, темірдей тәртіпке бағынғысы келмейтін сотталушылар өте көп. Елді елең еткізген видео сөзімізге дәлел. Ал оларға көмек қолын созатын колонияның жауапсыз қызметкерлері де жетерлік. Сондықтан құзырлы орган еліміздің түзету мекемелерін түгел тексеріп шығып, жазасын өтеушілермен сыбайласқан қызметкерлерден құтылмақшы.
Дереккөз: КТК
Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!