Парламент Сенаты өкілдері сотталғандарға арналған электронды білезіктердің сенімділігіне күмән келтірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Парламент Сенаты өкілдері сотталғандарға арналған электронды білезіктердің сенімділігіне күмән келтірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Үкімет шартты түрде сотталғандарды бақылауға арналған бұл білезіктерді сатып алуға көп қаражат бөліп отыр, бір сұрақ ойлантады: олар техникалық жағынан қаншалықты сенімді, бұл білезіктердің беріктігі қандай? Кеше ғана мен БАҚ-тан темір тордың ар жағында отырған адамның Қазақстан бойынша емін-еркін ұшып, сапар шегіп жүргені туралы оқыдым. Соған байланысты менің сауалым: білезіктер берік пе? Бізде ондай нәрселерді жасап алудың шеберлері көп қой. Ол білезік сотталған адамды пәлен жерде деп көрсетуі мүмкін, бірақ шын мәнінде оның сол кезде басқа бір аймақта қылмыс жасап жүруі мүмкін ғой", - деді депутат Бектас Бекназаров Парламент Сенатындағы ҚР қылмыстық-атқару жүйесінің жай-күйі, мәселелері мен оны жетілдіруге арналған дөңгелек үстел барысында.
Ішкі істер министрінің орынбасары Берік Бисенқұловтың айтуынша, министрлік әлемдік тәжірибені зерттеген, келесі жылы электронды білезік сатып алуға бюджеттен 2,5 миллиард теңге қарастырылған. Ол "білезікке сырттан болған кез келген әрекет кезінде оның дабыл қағатынын", сол кезде құқық қорғау органдары бірден әрекет ететінін айтты. "Бізде сейфтерді ашатындар бар, компьютерлік хакерлер бар, ал бұл...", - деп, сенаторлардың бірі күдік келтірді.
Депутаттардың бірі бізде заңды айналып өтуге тырысатындардың көп екенін айтты. "Иә, бізде ондайлар көп, бұл жағынан ешқандай кепілдік жоқ. Бірақ біз оны ойластырамыз, тәжірибеде қарастырамыз", - деді вице-министр.
Депутаттар қыруар қаржы бөлінген бұл білезіктер оны адамның шешіп ала алмайтынына кепілдік бермесе, ол сенімсіз құрал деп есептейді. Ішкі істер министрлігінің өкілдері нарықты зерттегенін, бұл білезіктерге ешкімнің 100 пайыздық кепілдік бермейтінін түсіндірді. Олардың мәліметінше, Ресей бұл білезіктерді 3 жыл бұрын енгізе бастаған. Алғашқыда олқылықтар, браслеттерден құтылуға әрекеттенгендер болған, бірақ кейін жағдай реттелген.
ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Мейрам Аюбаевтың айтуынша, шартты түрде сотталған немесе бақылауға алынған адам электронды браслетті қорғап жүретін болады, өйткені келу тәртібін бұзған жағдайда ол жаза өтеу орнына қайтып қамалады.