ПОДЕЛИТЬСЯ
26 мамыр 2021 | 17:33
"Соза беруге болмайды" - Тоқаев Алматыдағы ЖЭО-2-ні газға көшіру туралы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда ЖЭО-2-ні газға көшіруді кешіктіруге болмайтынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда ЖЭО-2-ні газға көшіруді кешіктіруге болмайтынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы қуат беретін жаңа көздерді жаңғыртудың және іске қосудың маңыздылығын атап өтіп, Алматыдағы екінші ЖЭО-ны газға көшіру жобасына арнайы тоқталды.
"Бұл мәселенің стратегиялық мәні бар. Алматы қаласының экологиясы және тұрғындардың тұрмыс сапасының жақсаруы аталған проблеманың шешілуіне байланысты. Сондықтан Үкіметке, "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қорына әкімдікпен бірлесіп, екінші ЖЭО-ны жаңғырту жобасына қатысты мәселені түбегейлі нақтылауды және оны жуық арада іске асыруды тапсырамын. Мұны одан әрі соза беруге болмайды", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, әлемде өнеркәсіп пен экономиканы көміртегінен ада қылудың орнықты үрдісі байқалады. Еуропалық одаққа мүше елдерде парниктік газдардың қалдығын 2030 жылға қарай 55 пайызға азайту жоспарлануда. 2023 жылдан бастап Еуропалық одақта көміртегі салығы ("carbon tax") енгізіледі. Бұл қазақстандық өнімнің экспортын едәуір қиындатуы мүмкін. Жаңа жағдайларға байланысты тауарларға қойылатын техникалық регламенттер, стандарттар мен талаптар өзгереді.
"Әлемдік дамудың қазіргі кезеңінде кез келген елдің мәртебесі, беделі, соған сәйкес халықаралық мүмкіндіктері, көп жағдайда, көміртегіден ада әлемдік экономикаға қосқан үлесі бойынша айқындалатынын түсіну маңызды. Атап айтқанда, бұл – еліміздің Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына қабылдану мүмкіндігін анықтайтын өлшемдердің бірі", - деді Мемлекет басшысы.
Еске салайық, Үкімет 2020 жылдың қазанында ЖЭО-2-ні газға ауыстырудың төрт нұсқасының бірін қабылдады. Мамандардың пікірінше, зиянды заттардың ауаға бөлінуі осылайша 83 пайызға қысқарады.
Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыны дамыту жөніндегі кеңесте ЖЭО-2-ні газға көшіру жұмыстарын жеделдетуді талап етті. Ол жоба құны мен мерзімі бойынша түпкілікті ұсынысты 1 мамырға дейін мәлімдеуді тапсырды.
Содан соң ЖЭО-2-ні газға ауыстыру жобасы 30 миллиард теңгеге қымбаттағаны хабарланды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также