Қазақстандық актриса, продюсер Айнұр Ілиясова әлеуметтік желілерде жазба жариялап, Алматыдағы А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының анестезиологына шағымданды. Оның айтуынша, дәрігер отадан кейін одан ақша талап еткен, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Не болды?
Айнұр Ілиясованың жазуынша, жақында анасына орталықта ота жасалған. Операция алдында әйелден жақын туысының байланыс нөмірін қалдыруды сұраған, алайда жазба авторының айтуынша, анестезиолог ол нөмірді жеке пайдасына пайдаланған.
"Ол маған жазып, ақша талап етті. Мен клиника директорына шағымданып, мәселені қарауды өтіндім. Бірақ мұндай әрекеттерді тоқтатудың орнына, операциядан шыққан анама сол анестезиолог келіп, "қызын тыныштандыруды" талап еткен. Бұл жай ғана кәсіби этиканы бұзу емес. Бұл ауыр халде жатқан науқасқа қысым көрсету", - деп жазды.
Сызғанов орталығы не дейді?
Tengrinews.kz тілшілері Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығына осы оқиғаға қатысты пікір білдіруді сұрап жүгінді.
"Қазіргі уақытта жоғарыда көрсетілген шағым бойынша қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр. Нәтижелері заңда белгіленген мерзімде өтініш иесіне ұсынылады", – делінген орталық жауабында.
Айта кетейік, Айнұр Ілиясова тележүргізуші әрі актриса. Ол "Келинка Сабина" және "Побег из аула" фильмдері арқылы танымал болған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!