Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің (ТМРА) бұрынғы басшысы сот залынан босатылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі сот залынан. Бүгін Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Ербол Рахымбеков жоғары лауазымды шенеуніктің пара алуы туралы атышулы істің нүктесін қойды.
Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің (ТМРА) бұрынғы басшысы сот залынан босатылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі сот залынан. Бүгін Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Ербол Рахымбеков жоғары лауазымды шенеуніктің пара алуы туралы атышулы істің нүктесін қойды.
"Сот мүлкін тәркілеумен бірге, өзін-өзі басқарудың мемлекеттік функцияларын іске асырумен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырумен бірге 1 миллиард 101 миллион 60 мың теңге сомасында айыппұл түрінде жазаны қаулы етті. Оспановқа қатысты бұлтартпау шарасы ешқайда кетпеу туралы қолхатпен ауыстырылсын", - деп үкім шығарды судья Ербол Рахымбеков. Судья Қазақстан Президентіне Мұрат Оспановты "Құрмет" ордені мемлекеттік марапатынан айыру туралы ұсыныс келтіру қажеттігін де атап өтті. Айта кету керек, Оспанов айыппұлды бір ай ішінде өтеуі тиіс.
"Әрине, біз істің бұлай аяқталарын күтпедік. Қуанғымыз келеді, бірақ айыппұл сомасы тым үлкен", - деді ТМРА экс-басшысының зайыбы Индира Оспанова.
Мұрат Оспановтың адвокаты Хамида Айтқалиева сот шешіміне риза екенін, бірақ оған шағым келтіріле ме, жоқ па, оны айтуға әзірше дайын емес екенін жеткізді.
Айта кеткен жөн, сот ТМРА бұрынғы басшысына жазаны 2015 жылдың 1 қаңтарында енгізілген жаңа Қылмыстық кодекске сай белгіледі, оның талабы бойынша айыппұл түрінде жаза қарастырылады және жаза белгілеуде Оспановтың тұлғалық ерекшеліктері, оның мінсіз қызметі, марапаттармен ескерілген еңбектері есепке алынды. Әділеттілік пен жазаны мөлшерлестіру қағидаларына сай, жазаны жұмсарту жағдайларын ескере отырып, сот оған айыппұлды бекітілген шектен төмен көлемде - параның 30 есе сомасы мөлшерінде белгіледі.
Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің бұрынғы төрағасына қатысты сот үш айға созылды. Қылмыстық қудалау органдары Мұрат Оспановты "Атырау Жарық" АҚ үшін электр қуатын беру мен тарату тарифін бекітуде делдал арқылы бопсалау жолымен 300 мың доллар ақшаны екі траншпен алған деп айыптады. Пара бергені үшін сотта "Атырау Жарық" АҚ мүддесіне қызмет еткен кәсіпкер Арман Ақтай жауап берді, ол шенеунікке пара беруге мәжбүр болғанын айтты.
"Атырау Жарық" АҚ пайдасына шешілген сот актілерінің болуына қарамастан, Атырау облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаменті Табиғи монополияларды реттеу агенттігіне (ТМРА), тікелей Оспановқа сілтей отырып, ұзақ уақыт бойы сот шешімін орындамаған. Бұл мәселені шешуге бірнеше рет жасалған әрекеттер нәтиже бермеді. Оның үстіне, Атырау облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаменті ТМРА-ға сілтей отырып, жаңа шарттар қойып отырған, оларды орындамаған жағдайда тарифті бекітуде мәселелерді туындату қаупімен қорқытқан", - деді сотт тараптарды қатар тыңдау кезінде прокурор Сандуғаш Рыспаева, оның айтуынша, сотталушылардың екеуінің кінәсі де сотта дәлелденді.
Осы жылдың 10 ақпаны күні айыптау тарапы соттан Мұрат Оспановты қылмысты жасауға айыпты деп танып, қатаң режимдегі колонияда 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасын беруді және оған тиесілі мүлікті тәркілеуді сұрады. Прокурор ақша бопсалау дерегі Оспановтың тарапынан болғанын ескеріп, Арман Ақтайды қылмыстық жауапкершіліктен босатуды өтінді.
Сотта соңғы сөзін айтқан Мұрат Оспанов кінәлі емес екенін тағы мәлімдеді. Ол өзіне тағылған айыпты белгілі бір тұлғалардың қылмыстық арандатуының нәтижесі деп атады. "Мен өзіме тағылған кінәні мойындамаймын. Аса сенгіштігімнен бұл ақшаны қарызға алуға ниеттенгеніме өкініш қана білдіремін. Отбасымызда 20 жылдан артық уақыт күткен басты оқиғаны атап өтудің орнына мен түрмеде отырдым", - деді Мұрат Оспанов.
Оспановтың айтуынша, қылмыстық істе пара ретінде қаралып отырған ақшаны ол қызының ұзатылу тойын өткізу үшін Арман Ақтайдан қарызға алмақ болған. Сондай-ақ ол сот тыңдауы барысында жедел-іздестіру шарасы кезінде өзіне құқық қорғау қызметкерлері моральдық қысым мен күш көрсеткенін де айтты.