Желіде Түркістан облысындағы кесененің видеосы тарады. Онда Қазақстанның Құрметті судьясы Бекет Тұрғараев өзі мен жарына көзі тірісінде кесене салып қойды деп айтылады. Tengrinews.kz тілшісі Бекет Тұрғараевпен сөйлесіп, бұл ақпараттың анық-қанығын білді.
Желіде Түркістан облысындағы кесененің видеосы тарады. Онда Қазақстанның Құрметті судьясы Бекет Тұрғараев өзі мен жарына көзі тірісінде кесене салып қойды деп айтылады. Tengrinews.kz тілшісі Бекет Тұрғараевпен сөйлесіп, бұл ақпараттың анық-қанығын білді.
Желіде тараған видеода ер адам кесене ішін көрсетіп, оны кім салғанын айтып береді.
"Міне, мынау Бекет ағамыздың болашақта жататын орны екен. Дайындап қойған. Осы жерде жатпақшы болашақта. Мына жақта жеңгеме де орын дайындаған. Жеңгем мына жерде жатады құдай қаласа. О дүниеге қалай дайындалып жатыр адамдар", - видеодағы ер адам.
Бекет Тұрғараевтың айтуынша, видеодағы кесене - Түркістан облысы Қазығұрт ауданында орналасқан "Бекет ата киелілер кесенесі". Оны өзіне арнап салмағанын айтады.
"Бұрын "Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары" деген кітап шыққан. Соның ішіне бүкіл Қазақстандағы қасиетті әулиелердің орындарының суреті салынып, үш тілде жазылған. Сол кітаптың ішінен бізге, қазақ халқына қатысты деген, кесенемізге сыяды деген мөлшердегі кесенелердің суреттерін алып, астына нөмірі мен аудиогид қойып, кішігірім кесене жасадық. Халық Қазақстанның түкпір-түкпірінде жатқан барлық кесенеге бара алмайды ғой. Біз соларды бір жерге жинадық. Кесене Шымкент - Ташкент тасжолының бойында тұр, ол жақтан күн сайын қанша адам өтеді, сол арқылы туризмді дамытқымыз келді", - дейді Бекет Тұрғараев.
Сонымен қатар, мұндай кесене салу идеясы қайдан келгенін айтты.
"Шетелге барсаң, тарихындағы киелі адамдардың ескерткішін салып қояды. Бұл дүние жүзінде бар құбылыс. Таиландқа барғанымызда бүкіл ел тарихын бір парктің ішінде жасап қойған, сол жерде танысып қайтасың. Сондықтан әулиелерді жинап, бір кесенеге салайық дедік. Оны "Киелілер кесенесі" деп атадық. Кейін былтыр Бекет Мырзағұлұлының 270 жылдығы болды. Ол еленбей қалды. Сондықтан, бұл кесене менің бастауыммен салынып жатқандықтан, "Бекет ата атындағы киелілер кесенесі" деп атауды ұсындым. Бұл өзіме арналған кесене емес", - дейді ол.
Желіде тараған видеода экс-судьяның жарының мүсіні де тұрғанын байқауға болады.
Видео кадры
Мұны Бекет Тұрғараев былай түсіндірді:
"Бұл кесенені өзіміз салған соң оның ішіне әке-шешемді қойдым, мені дүниеге алып келген соң осылай құрметімді көрсетейін дедім. Әйелімнің мүсінін қойдым. Себебі қазір жасым 75-те, соның 50 жылын жарыммен бірге өткіздім. Қай бастамам болса да, қолдап жүреді. Сол үшін мөлдір махаббатым, құрметімді көрсеткім келді. Кесенеде әйелімнің мүсінін көріп, экс-судья екенімді біліп, біреулер мән-жайын білмей, видеоға түсіріп, опасыздық жасап отыр. Әйтпесе, судья қызметімнен 12 жыл бұрын кеткенмін. Тексермей жатып, "Судья пара алып, өзіне кесене тұрғызыпты" деп жатыр. Мен бауырларыммен ақша жинап, демеуші іздеп, осы кесенені халық білсін деп тұрғызғанмын".
Сонымен қатар, Бекет Тұрғараев кесене ортасында жұрт "табыт" деп жүрген не екенін түсіндірді.
Видео кадры
"Оны кейбірі табыт деп ойлаған шығар. Бірақ ол - жәшік. Кесенеде жер бесік жасап, әулиелер жатқан жерінің топырағын әкеліп, капсулаға салып, жер бесікке ұқсас жәшікке салып қойдық. Әр әулиенің сүйегін осы жерге әкелмейміз ғой. Мен мұның бәрін халық үшін жасап жатырмын. Оны ішінен жауып, халықтан ақша алып отырғаным жоқ", - деді Тұрғараев.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!