Тәжікстан Астанада өтетін EXPO-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесіне қатысатынын растады, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тәжікстан Астанада өтетін EXPO-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесіне қатысатынын растады, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
3 ақпан күні EXPO-2017 комиссары - ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев Тәжікстан Республикасына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында комиссар Тәжікстан үкіметі мүшелерімен екіжақты кездесулер өткізді.
Тәжікстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Давлатали Саидпен кездесуде Рәпіл Жошыбаев Астанада халықаралық көрмені өткізудің дайындығы мен ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған "Жасыл көпір" серіктестік бағдарламасы туралы әңгімеледі. Тәжікстан үкіметі басшысының бірінші орынбасары екі ел арасында қалыптасқан өзара түсіністіктің жоғары деңгейі мен бауырластық қарым-қатынастарды атап өтті.
"ТР үкіметінің атынан Саид Тәжікстанның EXPO-2017 көрмесіне қатысуын растады және Душанбенің Астана көрмесінде өзін лайықты көрсететініне сендірді. Ол "Жасыл көпір" серіктестік бағдарламасының негізгі міндеттерінің тәжік басшылығының экологиялық жағынан таза гидроэнергетиканы қолдану, қоршаған ортаны қорғау және жаңа технологиялар трансферті туралы бастамаларымен үндесетініне назар аударды", - делінген хабарламада.
Астанада өтетін көрмеге қатысу мәселелері EXPO-2017 комиссарының Тәжікстан экономикалық даму және сауда министрі Нематулло Хекматуллозодамен кездесуінде де талқылады. Халықаралық көрмеге дайындық барысы туралы таныстырылым ұйымдастырылды. "EXPO-2017 комиссары балама энергетиканы жасау мен қолдануға серпін беретін, әлемнің озық технологияларын таныстыруға мүмкіндік беретін және энергетикалық жағынан тиімді бағдарламаларды жылжытуға ықпал ететін көрме шеңберінде ынтымақтастықтың маңызы зор екенін атап өтті", - деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Бұған қоса, тау-кен және металлургия, көлік және логистика, энергетика салаларында бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері де талқыланды. Рәпіл Жошыбаевтың Тәжікстан сыртқы істер министрінің орынбасары Парвиз Давлатзодамен кездесуінде қазақ-тәжік екіжақты қатынастарын нығайту, түрлі деңгейде сапарлар алмасу мен екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның кезекті отырысын ұйымдастыру және Тәжікстанда Қазақстан мәдениеті күндерін өткізу мәселелері қозғалды.