Талдықорған қалалық әкімдігінің, Білім бөлімінің және демеушілік көрсеткен жеке кәсіпкерлердің ұйымдастыруымен талдықорғандық 40 оқушы Қапшағай қаласындағы "Бәйтерек" демалыс аймағына тынығуға аттанды, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
Талдықорған қалалық әкімдігінің, Білім бөлімінің және демеушілік көрсеткен жеке кәсіпкерлердің ұйымдастыруымен талдықорғандық 40 оқушы Қапшағай қаласындағы "Бәйтерек" демалыс аймағына тынығуға аттанды, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
Бір жылғы уақыттың басым көпшілігін мектепте өткізетін оқушылар жазғы демалыс күндерін асыға күтетіні белгілі. Сондықтан да, оқушылар үшін ең қызықты мезгіл - жаз маусымы. Үш ай демалыс мезгілінде балалар алаңсыз асыр салып ойнап, бір жасап қалары анық. Демалысқа шыққан олардың бірі жазғы лагерьлерде демалса, енді бірі қала аралап, саяхаттағанды ұнатады. Ал, кейбіреулері жеке шаруашылықта еңбек етіп, табыс тапқанды қалайды. Қалай десек те, жаз бойы балалардың көзден таса болмай, уақыттарын тиімді өткізуіне тек мектеп қана емес, ата-ана, жалпы қоғам болып атсалысуымыз қажет. Алайда, баласының демалысын көңілді өткізуге жағдай жасай алмайтын да отбасылар қоғамда жоқ емес. Осындай олқылықтың орнын толтыру мақсатында жыл сайын талдықорғандық оқушылардың демалысы арнайы қалалық әкімдіктің басты назарында болады. олардың жазғы демалысты көңілді, қызықты әрі әсерлі етіп өткізулері үшін арнайы жоспар құрылады. Жыл сайын ең бірінші кезекте әлеуметтік жағдайы аз қамтылған, көп балалы отбасының және қорғаншылық пен қамқорлықтағы балалар түрлі демалыс шараларының басты кейіпкеріне айналады.
Биыл да жыл сайынғы дәстүр бойынша игі істер атқарылуда. Соның жалғасы ретінде қырық бала қапшағайға демалуға жолға шықты. Оқушылардың қауіпсіздігі үшін арнайы жедел жәрдем бригадасы мен жол-патрульдік полициясы экипажы жұмылдырылған. Мұнда балалар әртүрлі қызықты шараларға қатысып, ой-өрістерін дамытып, танымдық дүниелермен танысады.
"Жалпы, жазғы демалыс басталғалы бері балалардың уақытын тиімді өткізу үшін игі жұмыстар атқарылуда. Қала әкімдігінің, демеушілік көрсететін жеке кәсіпкерлердің қолдауымен оқушыларымыз жақсы демалыс аймақтарына баруда. Олардың балдай тәтті балалық шақтары тек қызыққа толы болуы керек. Бүгінгі жас ұрпақ ертеңгі біздің болашағымыз. Сондықтан да, бала өміріне тек ата-ана, мектептегі ұстаздар ғана емес бүкіл қоғам болып алаңдауымыз керек. Оқушыларымыздың жыл сайынғы жазғы демалыстарын қызықты өткізуді дәстүрге айналдыруға тырысамыз. Ол біздің негізгі міндетіміз", - дейді Талдықорған қалалық білім бөлімінің басшысы Жандос Жолдыханов.
"Мен үнемі сапарға шығуды армандайтынмын. Болашақта саяхатшы болым келеді. Әсіресе, достарыммен бірге қыдырғанды ұнатамын. Сол арманым бүгін орындалды. "Қапшағайға демалуға барасыңдар" деген хабарды естігенде қатты қуандым. Қуанышым қойныма сыймай, туыстарымның бәріне осы хабарды жеткізіп шықтым. Екі күн бойы демалуға қажетті барлық заттарымды жинастырдым. Бұл мен үшін ең керемет жазғы демалыс болғалы тұр. Оқу жылы басталғанда жазатын шығарманың да тақырыбы дайын. Осындай керемет күнді бізге ұйымдастырған қаламыздың әкіміне, аяулы ұстаздарыма, қамқор жандарға үлкен рахмет айтамын", - дейді мұндай демалысқа алғаш рет бара жатқан көп балалы отбасының тұңғышы Асқар Қанатұлы.
Білім бөлімінің мәліметіне сүйенер болсақ, осы уақытқа дейін талдықорғандық оқушылардың 90 пайызы жазғы демалыспен толықтай қамтылды. Оқу жылы басталғанша көрсеткіш 100 пайызға жеткізілмек.