Алматыда Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов ақтық сапарға аттанды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Даңқты ұшқыш, соғыс ардагері Бигелдинов 10 қараша күні өмірден өткен еді.
Алматыда Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов ақтық сапарға аттанды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Даңқты ұшқыш, соғыс ардагері Бигелдинов 10 қараша күні өмірден өткен еді.
Батырдың жаназасы 28 гвардияшы-панфиловшы атындағы саябақта орналасқан Қазақстан Республикасы әскері үйінде әскери дәстүр бойынша шығарылды. Қаралы жиыннан соң БТР сүйек салынған табытты жерлеу қызметінің көлігіне дейін алып жүрді.
Митингті "Генералдар кеңесі" РҚБ төрағасы Рүстем Қайдаров ашты. Ол Кеңес Одағының батыры атағын екі рет алған даңқты ұшқыштың ерліктерін еске алды. "Авиацияда "ұшқыштар өлмейді, олар кетеді де, оралмайды" деп жатады. Ол біздің жадымызда мәңгіге қалады", - деді Қайдаров. Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов митингте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жолдаған жеделхатты оқып берді. Әскери ұйымдар өкілдері мен Талғат Бигелдиновтің ұлы - Талғат Талғатұлы Бигелдинов сөз сөйледі. "Әке, мың мәрте кешіре гөр. Сен әрқашан біздің жүрегімізде боласың. Біз, балалар мен немерелер бізде сенің қаныңның болғанына мақтанамыз. Бүгін сенің сын сағатың келді. Сен оны ұлы жауынгердей қасқайып, мәрттікпен қарсы алдың. Сен адал абыроймен, сабырлы жүрекпен аттандың. Бақұл бол, әке. Біз, сенің балаларың мен немерелерің, сен айтқан "өзіңнің алдыңда адал бол, кез келген жағдайда күшті бол, қандай жағдай болса да бірге бол" деген өсиеттеріңді есте сақтаймыз. Біз сенің ел алдындағы батырлық ерліктеріңді мәңгі есте сақтаймыз, есіміңді ұрпақтан ұрпаққа асқақтата береміз. Ешқашан сенің қамқорлығың мен мейіріміңді ұмытпаймыз, рақмет, папа", - деді ол.
Қоштасу рәсіміне келген ғарышкер, Ұлттық ғарыш агенттігінің басшысы Талғат Мұсабаев Бигелдиновтің қазасына байланысты елдегі ұшқыштардың бәрі аза тұтып жатқанын айтты. "Батырдың есімін иеленген мен де қатты қайғырамын. Талғат Бигелдиновтің есімі мемлекетіміздің, халқымыздың тарихына алтын әріптермен жазылған. Ол жарқын да, таңғаларлық ғұмыр кешті. Оның өмірден өткеніне біздің бәріміз қайғырып жатырмыз", - деді ол.
Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров Бигелдиновтің ешқашан дандайсымаған адам болғанын айтты. "Ол барлық адамның алдында үнемі адал болатын. Одан жиі кеңес сұрап жатады. Ол бәріне әке бола білді. Ол ешқашан өз беделімен қысым көрсеткен емес. Ол үлкен ұстаз болды. Оның бар мақсаты халыққа қызмет ету болды. Не істесе де, халық үшін, мемлекет үшін істеді. Өмірден ұлы адам өтті. Ғарыштай кең адам өмірден өтті, мыңжылдықта бір рет туылатын адам өтті. Орыстар "Царствие ему небесное" дейді. Біз, мұсылмандар: "Жатқан жері, топырағы торқа болсын, жайлы жатсын!" дейміз. Ол нағыз халықтың ұлы болатын, ол Отанын сүйген ұл болды", - деді Әубәкіров.
Бұған дейін Алматы ардагерлер кеңесінің Жеңістің 70 жылдығын тойлау аясында Бигелдиновке ескерткіш орнатуды ұсынып отырғаны хабарланған еді. "Ұлы Жеңістің 70 жылдығына біз үлкен бағдарлама жасап жатырмыз, оған көптеген шара енеді, соның ішінде, Кеңес Одағы батыры атанған қазақстандықтарға ескерткіш орнату бар және әрине, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдиновке ескерткіш қою жоспарланып отыр", - деді Медеу ауданы бойынша ардагерлер кеңесінің төрағасы Ким Серікбаев.
Талғат Бигелдинов 1922 жылы 5 тамызда Ақмола облысында дүниеге келді. Оның балалық және жастық шағы Бішкекте өтті. Болашақ ұшқыш 16 жасында аэроклубқа оқуға түседі. Кейін Саратовтағы, Чкаловтағы ұшқыштар мектебінде білімін жетілдіріп, біліктілігін шыңдады. 1943 жылдың қаңтарында Калинин майданына алынады, оған 296-дивизияның 800-ші шабуылдаушы авиациялық полкының Ил-2 шабуылдағыш ұшағының тізгіні беріледі. 1944 жылдың қазан айында Знаменка және Кировоград қалаларын жаудан азат етуде ерлік пен әскери шеберлік көрсеткені үшін және жаудың төрт ұшағын атып түсіргені үшін аға лейтенант Бигелдинов Кеңес Одағының Батыры атағы атанды. Даңқты ұшқыш Берлинді азат ету үшін болған ұрысқа да қатысты. 1945 жылдың 27 маусымында оған Кеңес Одағының Батыры атағы екінші рет берілді. Аты аңызға айналған Талғат Бигелдинов әуеде барлығы 305 әскери тапсырманы орындаған.