Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен өңірде "Асарлатып үй салу" жобасы өткен жылдан бері қызу қолға алынып, көптеген мұқтаж отбасылар баспаналы болуда, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен өңірде "Асарлатып үй салу" жобасы өткен жылдан бері қызу қолға алынып, көптеген мұқтаж отбасылар баспаналы болуда, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл жолы Тараз қаласындағы жеті отбасы үйлі болды.
"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан сауапты істен Тараз қаласының кең жүректі азаматтары да қалыс қалмай, "Шалғай Қарасу" тұрғын алқабынан қаралған жер телімінде 15 үйдің құрылысын бастаған болатын.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ол үйлердің жетеуі пайдалануға берілді. Қалған сегіз үйдің де жұмыстары жыл соңына дейін аяқталмақ.
Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев қоныстой иелерін арнайы құттықтады.
"Ежелден елдік мұратты, ұлттық құндылықты ерекше дәріптеген халқымызда ғасырлар бойы кісіліктің көркем үлгілері қалыптасқан. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" дегендей, қолда барын бір-бірімен бөлісіп, біріне-бірі қамқор, тілеулес болған ұлттың ұлылығы да осында.
Қазақ топырағында қалыптасқан "Асар" игі дәстүрі соның бір айғағы. Бүгінде ұлттың болмысындағы осы бір ерекше қасиет облысымызда жаңғырып, жалғасын тауып, туған-туыстар мен ауылдастар жиылып мұқтаж жандарға көмек қолын созуда. Оған жергілікті билік те атсалысуда.
Біз сонау ашаршылық және соғыстан кейінгі қиын жылдары да бір-бірімізге қолғабыс білдіріп, бірлігімізден айырылмаған елміз. Өзге ұлт өкілдерін де бауырымызға басып, мейірімділік танытқанбыз. "Асарлатып үй салу" жобасының мақсаты тек мұқтаж жандарға үй салып беру ғана емес, өзара бірлігіміз бен ынтымағымызды, қоғамдағы өзара келісімді, қамқорлықты арттыруға негізделген", - деген Бердібек Сапарбаев қоныстой иелеріне кілттерді тапсырып, қуаныштарымен құттықтады.
Үйлердің құрылысына атсалысқан барша азаматтарға, жеке кәсіпкерлер мен қала басшылығына ризашылығын жеткізді.
Облыс әкімі өз сөзінде "Жомарт түлек", "Таразға тарту" секілді бастамашыл жобалар аясында демеушілер есебінен атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелеріне де тоқталып өтті.
Қоныстой иелері атынан сөз алған Аида Абдезова өзі секілді талай жыл пәтер жалдап келген отбасылар, көпбалалы аналар үшін бұл үлкен көмек, тамаша тарту екенін ақжарыла айтып, облыс басшылығына, атсалысқан барша жандарға ризашылығын жеткізді.
Айта кетейік, тұрғын алқапта инженерлік-инфрақұрылымдық мәселелер де оңынан шешілуде. Жарық, газ тартылған, келер жылы таза ауызсу, содан соң жол мәселесі түбегейлі шешілетін болады.
Жақын маңнан жаңа мектеп те бой көтеруде.
Пайдалануға берілген үш бөлмелі әр үйдің аумағы сегіз сотықтан, аулаларына өрнектастар төселіп, қоршау да орнатылған.
Сонымен қатар, әр бөлме қажетті жиһаздармен жабдықталып, тұрмыстық заттармен де қамтылған.
Жалпы, "Асарлатып үй салу" жобасы аясында облыс бойынша былтыр 99 үй салынса, биыл 133 үй тұрғызу жоспарланған. Қазірге дейін 75 үйдің құрылысы аяқталды, қалғаны жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.
Бұдан соң облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аталған тұрғын алқапта бой көтеріп жатқан 600 орынды жаңа мектептің құрылысы барысымен танысты.
Құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталған нысан келер жылдың басында пайдалануға тапсырылмақ.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!