Таразда мектептегі жанжал кезінде сыныпсатын өлтіріп алған жасөспірім сотталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Р-ға қатысты қылмыстық істі қарады (ҚК 106-бабының 3-бөлігі).
Не анықталған?
Кәмелетке толмаған 9-сынып оқушысы, Тараздағы мектеп ғимаратында өзінің кәмелетке толмаған құрдасы А.-мен жанжал кезінде оған күш қолданған. Кейін мойын жарақаты салдарынан жәбірленуші оқиға орнында қайтыс болған.
Сотталушының кінәсі куәлердің айғақтары, сараптамалар қорытындысы және заттай дәлелдемелермен дәлелденді.
Тараптардың ұстанымы
Прокурор сотталушыға 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыруды тағайындауды сұрады.
Сотталушы кінәні ішінара мойындаған. Жәбірленуші тарап моральдық зиянды өндіруді сұрады.
Сот үкімі
Сот үкімі бойынша, сотталушы Р. ҚР ҚК-ның 106-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған ҚК 81-бабының 7-бөлігі және ҚК 55-бабы 2-бөлігінің 2) тармағы негізінде 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сондай-ақ сот сотталушының заңды өкілдерінен жәбірленуші тараптың пайдасына 10 миллион теңге мөлшерінде моральдық зиян өндіріп алды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!