Осы жексенбіде Ақтауда Каспий теңізінің тағдыры шешіледі. Бес елдің көшбасшылары Каспий маңындағы мемлекеттер 20 жыл күткен құжатқа қол қоюы тиіс. Қазақстан Тұңғыш Президенті қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) сарапшысы Жұмабек Сарабеков Tengrinews.kz тілшісіне алда өтетін тарихи кездесу жайлы айтып берді.
Осы жексенбіде Ақтауда Каспий теңізінің тағдыры шешіледі. Бес елдің көшбасшылары Каспий маңындағы мемлекеттер 20 жыл күткен құжатқа қол қоюы тиіс. Қазақстан Тұңғыш Президенті қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) сарапшысы Жұмабек Сарабеков Tengrinews.kz тілшісіне алда өтетін тарихи кездесу жайлы айтып берді.
"Ақтауда алдағы уақытта өтетін саммит өте маңызды. Онда Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жайлы Конвенцияға қол қою жоспарланып отыр. Бұл көптен күткен құжат, ол үшін 20 жылдай уақыт еңбек етті. Тәуелсіз мемлекеттер пайда болғалы бері Каспий теңізінің мәселесі шешілмей келді. Қабылданатын құжат Каспий маңындағы елдер мен теңіздің құқықтық мәртебесіне қатысты даулы мәселелердің негізгі принциптерін анықтайды".
"Конвенция теңіздің акваториясын ажырату ережелерін ашық түсіндіреді. Сондай-ақ, осы жылдарға дейін Каспий теңізінің мәртебесін анықтауда үлкен кедергі болған еді. Ол - теңіз түбін ажырату мәселесі. Осыған байланысты конвенция мынадай ұсыныс айтады: теңіз түбін ажырату мәселесін мемлекеттер келісімге келу арқылы ғана шешеді. Осылайша, Қазақстан мен Каспий маңындағы басқа мемлекеттер теңіз түбіне қатысты келісімдерді нығайта алады".
Ақтау. Теңіз жағасы. © Тұрар Қазанғапов
"Мұндағы тағы бір мәселе - стратегиялық мүдде. Ол Каспий түбіндегі құбыр желісіндегі төсемдермен байланысты. Конвенцияның жобасында Каспий маңындағы елдердің теңіз түбіне құбыр желісін сала алатыны жайлы айтылады. Бұл өз кезегінде Каспий аралық газ құбырын жүзеге асыру идеясын туғызады. Бұл жобаға Түрікменстан мен Әзірбайжан елдерінің өкілдері де қатысып жатыр".
"Сондай-ақ, конвенциядан бөлек, Ақтауда саммит кезінде Каспийдегі қауіпсіздік мәселесі бойынша бірнеше келісімшартқа қол қойылады. Мысалы, қауіпсіздік жайлы хаттамаларға қол қойылады, оның ішінде терроризммен және ұйымдасқан қылмыспен күрес мәселесі бойынша хаттамалар бар. Қауіпсіздіктен бөлек, Каспий елдерінің экономикалық ынтымақтастығы өзекті мәселе болып қала бермек. Осы орайда мемлекет басшылары сауда-экономикалық серіктестік туралы келісімге қол қояды. Бұл құжаттардың барлығы Каспий теңізін достық пен экономикалық ынтымақтастыққа айналдыруға бағытталған. Сондықтан Ақтауда өтетін кездесу Каспий маңы елдерінің серіктестігін жаңа деңгейге көтеретін кездесу болуы мүмкін".
Нұрсұлтан Назарбаев 3 тамызда V Каспий саммитіне дайындық бойынша жиын өткізді. © akorda.kz
"Саммитте міндетті түрде талқылануы тиіс тағы бір мәселе - Каспийдегі транзиттік мәселені дамыту. Бүгінде Қазақстанның теңіз кемежайына қатысты нысандарды жетілдіруге көп қаражат салып жатқаны белгілі. Құрық порты белсенді түрде салынып жатыр. Ол бізге Еуропа нарығына шығуға мүмкіндіктер береді. Әзірбайжан мен Түрікменстан да Каспий жағалауында порттарын дамытып жатыр".
"Бірақ Каспий елдерінің серіктес болуына қатысты проблемалар бар. Олардың барлығы мәселенің уақтылы шешілуін талап етеді. Мысалы, барлық тарап дерлік көтеретін мәселелердің бірі - браконьерлік. Мұнымен барлығы бірлесіп күресуі керек. Кездесу барысында Иранмен де серіктес болуы мәселесі көтерілетін шығар. Қазіргі уақытта АҚШ Иранға қатысты санкцияларды жаңартып жатыр. Бүгінде ол санкциялардың Ирандағы экономикалық жағдайға қаншалықты кері әсер ететіні және Тегеранның оған не жауап беретіні, Трамп мырзаның да бұл әрекетін қашанға дейін жалғастыратыны белгісіз болып тұр. Иранға қатысты жағдайдың да Каспий елдері басшыларының ынтымақтастығына қандай әсерін тигізуі мүмкін белгісіз".
Еске сала кетейік, осыған дейін Нұрсұлтан Назарбаев алда өтетін саммит пен Конвенцияның маңыздығы жайлы айтқан еді. Алда өтетін кездесуге Әзірбайжан, Ресей, Түрікменстан және Иран елдерінің басшылары қатысуы керек.