Бүгін Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов Алматы қаласында Алаш қайраткері, ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсынұлының музей үйінде арнайы барды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бүгін Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов Алматы қаласында Алаш қайраткері, ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсынұлының музей үйінде арнайы барды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Тасмағамбетов тарих және мәдениет ескерткіші саналатын музей үйінің жылдар бойы қордаланған мәселелерінің шешілуіне мұрындық болмақ.
Ахмет Байтұрсынұлы музей үйінің директоры Райхан Сахыбекқызы вице-премьер Иманғали Тасмағамбетовті музей жұмысымен және ақынның жәдігерлерімен таныстыра отырып, түйткілді мәселелердің бар екенін жеткізді.
Вице-премьер өз кезегінде алаш зиялыларының құнды мұраларын жинақтап, сақтауға келгенде аянбай еңбек ету қажет екенін айта отыра, осы дүниелердің құндылығына да ерекше тоқталды.
"1934-1937 жылдары ақын тұрған осынау киелі шаңырақ - тарих пен тағылымның ордасы. Бұл үйдің әрбір кірпіші мен бұрышы Ахаңның қиын да қасіретті тағдырынан сыр шертеді. Сондықтан, біз бұл тарихи ескерткішті сақтауға, оның білім мен ғылымның, тәлім мен тәрбиенің ордасы ретінде дамытуға тиіспіз", - деді Иманғали Тасмағамбетов.
Үкімет тарапынан қайраткердің ғылыми еңбектерін зерделеуді жетілдіру мақсатында ҚР премьер-министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов музей ұлттық мәртебесін беру, Ахмет Байтұрсынұлы шығармаларының 10 томдығын шығару және деректі фильм түсіру жөнінде тапсырма берді. Қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін келесі аптада Астанада арнайы кеңес өткізілмек.
Айта кетейік, 1934-1937 жылдар аралығында Ахмет Байтұрсынов тұрған үй музей ретінде 1998 жылы ақынның 125 жылдық мерейтойы қарсаңында ресми түрде ашылған. Сонымен қатар, биыл Алаш қозғалысының құрылғанына 100 жыл толады.