Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа баспасөз хатшысы тағайындалды. Бұл қызметті енді Руслан Желдібай атқарады. Ол Берік Уәлидің орнына келді. Tengrinews.kz тілшісі Руслан Желдібай туралы деректер жинады.
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа баспасөз хатшысы тағайындалды. Бұл қызметті енді Руслан Желдібай атқарады. Ол Берік Уәлидің орнына келді. Tengrinews.kz тілшісі Руслан Желдібай туралы деректер жинады.
Руслан Желдібай 1989 жылы Жамбыл облысында туған. Алматыда Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін тәмамдаған. 2018 жылы Ұлыбританиядағы Уорик университетінде жобалық басқару (MSc Programme and Project Management) мамандығы бойынша тәлім алған. "Болашақ" бағдарламасының түлегі.
Халыққа ол "Хабар" агенттігіндегі "Азамат" телебағдарламасының жүргізушісі ретінде танылған. YouTube хостингінде Руслан Желдібай жүргізген бағдарламаның шығарылымдары бар.
"Бұл бағдарлама мені аудитория алдында өзімді еркін ұстауға, пікірімді анық жеткізуге үйретті. Ең бастысы, бос сөз емес, дәлелмен, анық сөйлеуді үйрендім", - деген еді ол сұхбаттарының бірінде.
Кейін 23 жасында Руслан Желдібай "Қазақстан" телеарнасына ауысқан. Онда редактор болып қызмет етті. Ал 2012-2018 жылдар арасында "Алматы" телеарнасында бөлім басшысы, продюсер болған.
2018 жылы Руслан Желдібайдың мемлекеттік қызметтегі еңбек жолы басталған. 28 жасында ол ҚР Ақпарат және коммуникациялар комитетінің Интернет кеңістігіндегі және әлеуметтік желілердегі ақпараттық жұмыс жөніндегі басқарма басшысы атанған.
Фото: facebook.com/ruslan.zheldibay
Ал 2019 жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитеті төрағасының орынбасары болып, сонда бір жыл қызмет еткен.
2020 жылдың мамырында ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары болған.
Осыдан тура бір ай бұрын Руслан Желдібай премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары болып тағайындалған еді.
Желіде Руслан Желдібайдың жеке өмірі туралы деректер аз. Instagram желісінде парақшасын таба алмадық. Десе де, Facebook пен Twitter желілеріне тіркелген. Facebook-парақшасына 6 788 адам жазылған. Онда көбіне жұмыс орнындағы жаңалықтарды бөлісіп отырады. Жазбаларының бәрі қазақ тілінде.
Ал Twitter-де оның парақшасын 3 701 адам оқиды. Дегенмен, бұл парақшасын 2017 жылдан бері жаңартпаған.
Руслан Желдібай сұхбаттарының бірінде 22 жасында үйленгенін, баласы барын айтқан. Facebook-парақшасындағы мәліметке сүйенсек, жарының есімі - Алтынай.
Фото: facebook.com/ruslan.zheldibay
Руслан Желдібай қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!