Қазақстан Үкіметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР энергетика вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов мұнайгаз саласынжа жергілікті қамту үлесін арттыру бойынаш қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Үкімет баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Үкіметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР энергетика вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов мұнайгаз саласынжа жергілікті қамту үлесін арттыру бойынаш қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Үкімет баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Досмұхамбетовтың айтуынша Энергетика министрлігі жергілікті қамту үлесін арттыруға ерекше көңіл бөледі және осы бағытта тұрақты жұмыстар жүргізіп жатыр.
Соңғы бес жыл ішінде мұнай-газ саласындағы жергілікті қамту үлесі: тауарларда 1,6 есеге - 74-тен 120 миллиард теңгеге; жұмыстарда 1,8 есеге - 834-тен 1,5 триллион теңгеге; көрсетілетін қызметтерде 1,1 есеге - 771-ден 835 миллиард теңгеге ұлғайды.
Биылғы жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдаланушылар жалпы сомасы 3,5 триллион теңгеге тауарлар, жұмыстар және қызметтер сатып алған, жергілікті қамту үлесі 1,5 триллион теңге сомасына 44,01 пайызды құрады.
"Жергілікті қамтудың артуына Энергетика министрлігінің заңнамалық нормаларды енгізу, атап айтқанда, Жер қойнауы туралы Кодекс пен заңнамалық актілерді әзірлеу бойынша жүйелі жұмыстары ықпалын тигізеді. Бұл құжаттарда мұнайгаз кешеніндегі отандық бизнесті қолдау және дамыту нормалары қарастырылған", - деді М. Досмұхамбетов.
Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ жобалары шеңберінде жергілікті қамтуды дамытудың маңызы зор.
Сонымен қатар бірінші вице-министр кадрлық қамтамасыз етудегі жергілікті қамту туралы айтып берді.
"Кадрлармен жергілікті қамту - өте маңызды мәселе. Шетелдік персонал бәрінен көп тартылған барлық ірі жобаларда бүгінде өздерінің штаттық жұмыскерлерінің 90 пайызын қазақстандық мамандар құрайды. Сонымен қатар тартылған жұмыскерлердің 88-90 пайызы - Қазақстан азаматтары", - деді Досмұхамбетов.
Мысалы, Қашағанда 3200 штаттық жұмыскерден және мердігерлік ұйымдардың 7 мыңға жуық жұмысшысынан 90 пайызы - Қазақстан азаматтары.
Энергетика саласында тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың шамамен 70 пайызы үш ірі оператор - Теңізшевройл, Солтүстік Каспий операциялық компаниясы және Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг үлесінде. Осы жобалардың күрделілігіне және жоғары технологиялығына қарамастан, соңғы бес жылда Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ жобаларында жергілікті қамту үлесі: тауарларда - 1,3 есеге, жұмыстарда - 2,1 есеге, көрсетілетін қызметтерде 1,2 есеге ұлғайды. 43 бірлескен кәсіпорын құрылды, операторлар ерте тендер мен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу тетіктерін енгізді.
Сондай-ақ Қарашығанақ Петролиум Оперейтингтің тендерлік рәсімдеріне де отандық компаниялар арасында сатып алуды өткізу тетігі енгізілді (конкурсқа қатысуға шетелдік ұйымдарды шақырмай).
Болашақта Теңізшевройлды кеңейту жобасының құны $37 миллиард құрады, оның ішіндегі қазақстандық қамту - 12 миллиард доллар (32 пайыз). Жоба басталғаннан бері нақты игерілген қаражат $21,2 миллиард-ты, қазақстандық компаниялардан сатып алудың нақты көлемі $6,3 миллиард құрады. Мыңнан астам қазақстандық компаниялар алдын ала біліктілік тексеруден өтті, болашақ кеңейту жобасында жұмыс жүргізу үшін 430 қазақстандық компанияға 1000-нан астам келісімшарттар берілді (Теңізсервис, Ерсай, ПСН Казстрой, КИНГ-КГИТ). Теңізшевройл қазақстандық өндірушілермен 31 келісімшарт жасасты, оның ішінде 18-і бұрын компаниямен жұмыс жасамаған.
Жоба басталғаннан бері 21,6 қазақстандық жұмысшы кәсіптеріне арнайы дайындық пен оқытудан өтті. Қазақстан азаматтары үшін 48 мыңнан астам жұмыс орындары құрылды.
Ірі шетелдік сервистік компаниялар жергілікті қамту бойынша міндеттемелер алды: Бонатти 65 пайыздан, ГАТЕ 80 пайыздан, Велесстрой - 72 пайыз, Сенімді Құрылыс - 73 пайыз, CCEP - 65 пайыз. Үш ірі жобада тауарларды сатып алу көлемі бүкіл мұнай-газ секторының 50 пайызын құрайтынын ескере отырып, жергілікті қамту өсімінің негізгі әлеуеті және отандық машина жасау үшін резервтің болуы Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ жобаларында шоғырланған.
Энергетика министрлігі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, мұнай-газ саласында машина жасауды дамыту жөніндегі жұмыс тобын құрды. Оның құрамына үш ірі жоба операторы және отандық өндірушілер де кірді. Жалпы сомасы 58 миллиард теңге болатын Мұнай-газда машина жасауды дамыту жөніндегі 2019 - 2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленді.
Операторлардың техникалық және сапалық талаптарына сәйкес тауар өндіруге мүдделі 18 отандық кәсіпорын анықталды.
Сонымен қатар, М. Досмұхамбетов бірегей жабдық өндірушілер өнімдерін жергіліктендіру бойынша жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.
"Жалпы, Энергетика министрлігі жергілікті қамту үлесін арттыру бойынша жұмыстарды жүйелі негізде жүргізіп жатыр. Соңғы бірнеше жылдан бері біз жақсы нәтижелерді көріп отырмыз. Біз бұл жұмыстарды жалғастырамыз. Бұл шынымен де жергілікті қамтуды дамытуға мүмкіндік беріп, оның сандық қана емес, сапалық та деңгейін арттырады деп үміттенеміз. Яғни, ел аумағында қомақты қосылған құн жасауға мүмкіндік береді", - деп түйіндеді М. Досмұхамбетов.