Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы міндетін уақытша атқарушы Әділбек Жақсыбеков Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің қауіпсіздік кеңестері хатшыларының кездесуіне қатысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы міндетін уақытша атқарушы Әділбек Жақсыбеков Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің қауіпсіздік кеңестері хатшыларының кездесуіне қатысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында өңірлік қауіпсіздікке төнетін сын-қатерлерді бағалау, халықаралық лаңкестік пен діни экстремизмге қарсы тұру, сондай-ақ халықаралық ақпараттық қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері жөнінде пікір алмасылды.
Жақсыбеков өз сөзінде лаңкестікпен және экстремизммен күресте, заңсыз есірткі тасымалының жолын кесу мәселесінде Қазақстанның құзіретті органдары қабылдап жатқан шараларға назар аудартты.
"Ауғанстаннан халықаралық коалиция әскерлерін шығару үрдісінің аяқталуына байланысты осы қатерлердің Қазақстан мен Орталық Азия үшін өзектілене түсу мүмкіндігі айрықша атап өтілді", - делінген хабарламада.
Осыған байланысты ТМД, ҰҚШҰ, ШЫҰ бағдарламалық құжаттарына сәйкес, сондай-ақ Достастыққа мүше мемлекеттермен екіжақты деңгейде бірлескен іс-шараларды тұрақты өткізудің маңыздылығы айтылды.
Халықаралық ақпараттық қауіпсіздік проблемасына қатысты алсақ, елдердің ақпараттық кеңістіктегі іс-әрекеттерін реттейтін бірыңғай халықаралық нормалар мен ережелер бекіту мәселесін өңір мемлекеттерінің БҰҰ деңгейінде ілгерілету жөніндегі бірлескен күш-жігеріне қолдау білдірілді.
Сондай-ақ Ә.Жақсыбеков Мәскеуде Ресей Федерациясы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Н.Патрушевпен келіссөздер өткізді. Тараптар қауіпсіздік саласындағы екіжақты ынтымақтастыққа қатысты проблемалардың кең ауқымын талқылады, әлемдік саясаттың өзекті мәселелері бойынша пікірлерін айтты. Аталған іс-шараларға Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Марат Тәжин де қатысты.