Қазақстан Президенті Алматыда венчурлық қор құру идеясын қолдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстан Президенті Алматыда венчурлық қор құру идеясын қолдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл туралы Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен келген Алматы жұртшылығымен кездесуінде айтты. Президент әлем мегаполистерінде креатив индустрия экономикалық өсудің негізгі қозғалтқышы болып табылатынын атап өтті.
"Бүгінде дарынды азаматтарымыз бұл салада шетелде кеңінен танымал бола бастады. Біз олардың елімізде өзін-өзі толық жүзеге асыруы үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Қазірдің өзінде Қазақстанның шығармашылық саласында 19 мыңнан аса компания жұмыс істейді. Сонымен қатар, еліміздегі барлық IT-компаниялардың 40 пайыздан астамы Алматыда орналасқан", - деді Мемлекет басшысы.
Мегаполис цифрлық көшпенділер үшін тартымды орталыққа айналып жатыр. Азаматтардың шығармашылық бастамаларын жүзеге асыру үшін жақын арада қалада шығармашылық хабтар мен кластерлер іске қосылады. Мен әкімдіктің бастапқы капиталдандыруы 10 миллиард теңге болатын қалалық венчурлық қор құру идеясын қолдаймын. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін жеке қаражатты тарту маңызды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қор шығармашылық салалардың экожүйесін дамытуға қуатты серпін береді.
"Алматы табиғатының ерекше сұлулығы мен алуан түрлілігі, бай тарихи-мәдени мұрасы бар. Бұл отандық және шетелдік туристерді тартуға жақсы негіз. Коронавирус шектеулері жойылғаннан кейін Алматыда туристік ағынның қарқынды өсуі байқалды. Бірінші жартыжылдықта ғана отандық туристер саны 1,5 есеге жуық, шетелдіктер 2,8 есеге өсті. Ашылып жатқан мүмкіндіктерді тиімді пайдалану керек", - деді Мемлекет басшысы халықпен кездесуінде.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!