Қасым-Жомарт Тоқаев "БҰҰ - әйелдер" құрылымының Франция және Мексика үкіметтерімен бірлесіп ұйымдастырған "Ұрпақ теңдігі" атты жаһандық форум қатысушыларына бейне үндеу жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев "БҰҰ - әйелдер" құрылымының Франция және Мексика үкіметтерімен бірлесіп ұйымдастырған "Ұрпақ теңдігі" атты жаһандық форум қатысушыларына бейне үндеу жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Виртуал форматта өткен жиын гендерлік теңдік саласындағы жаһандық күш-жігерді үйлестіруге арналған. Форумның негізгі мақсаты - осы процеске тартылған барлық қатысушының нақты міндеттемелеріне негізделген көпжақты механизм қалыптастыру.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бастап 30 жыл бойы әйелдерді қолдауға бағытталған салиқалы саясатты дәйекті түрде жүргізіп келе жатқанын атап өтті.
"2030 жылға дейінгі отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасын басты негізге алған берік құқықтық база қалыптастырдық. Өткен айда адам құқығына қатысты алдағы уақытта атқарылатын шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. Оның негізгі бағыттарының бірі - гендерлік теңдікті қамтамасыз ету. Гендерлік мәселені шешу - өңірлік өлшем бойынша еліміздің сыртқы саясаттағы басымдықтарының бірі", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент Қазақстанның "Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл коалициясы" және "Экономикалық әділдік пен құқық жөніндегі іс-қимыл коалициясы" сияқты екі серіктес бірлестікке қосылатынын мәлімдеді. Бұл мемлекеттің бірқатар міндеттеме қабылдағанын білдіреді.
Атап айтқанда әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың таралуы туралы жалпыұлттық зерттеу жұмысын қолға алу жөнінде шешімін айтты.
Мемлекет басшысы гендерлік теңдік және зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша озық тәжірибемен бөлісу үшін Орталық Азияда өңірлік білім платформасын құру туралы бастама көтерді.
Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ мен Еуропалық одақтың Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған "Жарық сәулесі" өңірлік бастамасына инвестиция салуға дайын екенін атап өтті.
Бұдан бөлек Президент әйел кәсіпкерлерді қолдау үшін еліміздің барлық өңірінде ресурстық орталықтар құру жоспары туралы мәлімет берді.
Мемлекет басшысы заңнамалық деңгейде қабылданып жатқан шаралар туралы айта келіп, әйелдер үшін тыйым салынған мамандықтар тізімін қайта қарауға, сондай-ақ, әйелдер мен балаларды әлеуметтік және құқықтық тұрғыдан қолдауды күшейтуге ниетті екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында әйелдердің теңдігі мен қауіпсіздігін қорғауға, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған игі істі еліміздің толық қолдайтынын нақтылады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!