23 қараша 2020 | 19:03

Тоқаев Қарағанды ​​облысында қай нысандарды аралады?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото:akorda.kz Фото:akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды ​​облысындағы бірқатар нысанды аралады. Қарағандыда Мемлекет басшысы жаңа мектеп-гимназияға барды, жаңа теннис орталығының жұмысымен танысты, "Сарыарқа" АЭА мен ферроқорытпа зауытында болды, сондай-ақ, Теміртаудағы металлургия комбинатын тексерді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.


Иконка комментария блок соц сети

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды ​​облысындағы бірқатар нысанды аралады. Қарағандыда Мемлекет басшысы жаңа мектеп-гимназияға барды, жаңа теннис орталығының жұмысымен танысты, "Сарыарқа" АЭА мен ферроқорытпа зауытында болды, сондай-ақ, Теміртаудағы металлургия комбинатын тексерді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан салынған 1200 орындық мектеп-гимназияны аралап көрді. Мемлекет басшысына заманауи құралдармен жабдықталған кабинеттер, STEM-лаборатория, роботтық техника және зияткерлік бөлмелер, мектеп телестудиясы мен медиастудия көрсетілді. Мектепте сабақтан тыс ұйымдастырылатын үйірме жұмыстары үшін ART-студия және хореография залы салынған.


Фото: akorda.kz

Президент жаңа мектеп-гимназияға Абайдың есімін беру жөніндегі ұсынысты қолдады. Оқу ошағы ұлы ақын әрі ойшылдың мұраларын зерттеу, насихаттау орталығына айналады. Мектеп базасында қалалық қана емес, облыстық іс-шаралар да өткізіледі. Ол үшін 700 орындық акт залы бар. Оның іші Абай шығармашылығымен безендірілген.

Сонымен қатар Президентке коронавирус пандемиясы кезіндегі оқу үдерісінің ұйымдастырылуы жөнінде мәлімет берілді. Жаңа оқу жылында өңірдегі 504 мектепте 204 мың оқушы, соның ішінде, 22 мың бірінші сынып оқушысы білім алып жатыр.


Фото: akorda.kz

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті жаңадан салынған теннис орталығының жұмысымен танысты. Орталықта бір мезгілде 650 бала жаттыға алады. Мұнда 11 корт бар, оның 7-еуі жабық. Жалпы және арнайы дене шынықтыру жұмыстарына арналған залдар бар.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа орталықтың техникалық жабдықталуы туралы егжей-тегжейлі баяндалды. Атап айтқанда, орталықта ATP/WTA Challenger деңгейіндегі әлемнің үздік 100 ойыншысы қатысатын халықаралық және республикалық теннис жарыстарын өткізуге, сондай-ақ, отандық спортшылардың кәсіби шеберлігін шыңдауға мүмкіндік жасалған.

"Қала өміріндегі осындай маңызды нысанның пайдалануға берілуімен құттықтаймын. Біз қазір бұқаралық спортты дамытуды мақсат етіп отырмыз. Мына спорт орталығы барлық балалардың үлкен тенниспен шұғылданып, денсаулығын күшейтуге мүмкіндік береді. Бұл көпжақты әрі ыңғайлы нысан. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Жәмішұлы Өтемұратовқа ризашылығымды білдіремін", - деді Мемлекет басшысы.

Орталықтың жалпы көлемі 7,8 мың шаршы метрді құрайды. Онда мәжіліс залы мен 2 кафетерий және қонақ үй кешені бар.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті Үстел теннисі орталығының жұмысымен танысты. Жаңадан ашылған спорт нысанында 18 үстелге арналған ойын залы, 9 теннис үстелі орналасқан жаттығу залы, медицина және массаж кабинеттері, жаттығу залы, әкімшілік ғимараты, төрешілер мен бапкерлердің бөлмелері, мәжіліс залы мен VIP-орындар бар.

"Бұл тек жаттығып қана қоймай, халықаралық жарыс өткізуге барлық жағдай жасалған әдемі орталық екен. Үстел теннисінің президенті Данияр Әбілғазинге, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекке, Қазақстан үстел теннисі құрамасының бас бапкері Эльмира Әлиеваға алғыс айтқым келеді. Болашақта үлкен жеңіске жетесіздер деп үміттенемін. Көп жаттықсаңыздар, жетістік те мол болады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жұмыс сапары аясында "Сарыарқа" арнайы экономикалық аймағының даму перспективасымен танысты.


Фото: akorda.kz

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Президентке арнайы экономикалық аймақтағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы, тұрақты жұмыс орындарын ашу, жеке және шетелдік инвестицияларды тарту, сондай-ақ,  Қазақстан мен Германияның бірлескен кәсіпорнының жұмысы туралы баяндады.

Мемлекет басшысы жоғары сапалы ферросилиция (FeSi75) өндірісімен де танысты. Бұл өнімнің қоспасы болат, шойын қорыту кезінде металлдардың механикалық және коррозиялық төзімділігін жақсарту үшін қолданылады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа өндіріс процесі мен өндірісте, құрылыста, кеме, әуе көліктерін және автомобиль жасауда қолданылатын дайын өнімдер көрсетілді. Зауыттың қуаттылығы жылына 180 мың тонна өнім өндіруге жетеді. Онда қолданылатын технология ферросилиция мен ферромарганец өндіруге мүмкіндік береді. Жобадағы отандық өнімнің үлесі 95 пайыздан асады.


Фото: akorda.kz

Сонымен қатар Президент өндірісті басқару орталығын аралап көріп, Qaz Qarbon ЖШС-нің жаңа жобасымен танысты.

"Бұл өте қажетті және жақсы жоба. Құтты болсын. Қазақстанды индустриаландыруға қомақты үлес қосқанын айтпағанның өзінде, ел экономикасының маңызды активі саналады. Өндірісті жылдам көріп шықтық. Бірақ бұған қатысты үлкен жоспарларымыз бар. Бақылап, көмектесіп отырамыз", - деді Мемлекет басшысы.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ферроқорытпа зауытының еңбек ұжымына табыс тіледі.

Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев "АрселорМиттал Теміртау" АҚ металлургия комбинатындағы мырышпен және алюминиймен қаптау цехының жұмысымен танысты. Кәсіпорынның атқарушы директоры Вадим Басин Президентке өндіріс процесін ұйымдастыру және жабдықтау жұмысының қағидалары туралы айтты.

Цех мырышпен қапталған орамды және табақша өнімдерін өндіреді. Цехтың жалпы өндірістік қуаты жылына 700 мың тонна өнім шығаруға жетеді.

Мемлекет басшысы цехтың дайын өнімдері мен жұмыс жүктемесін қарап көрді. Мырышпен қапталған табақшаларға конструкциялық материалдар өндірісі мен құрылыста сұраныс жоғары. Металлургия өндірісіндегі бұл өнімнің қосымша құны қымбат.


Фото: akorda.kz

"АрселорМиттал Теміртау" АҚ бас директоры Наир Биджу Мемлекет басшысына кәсіпорынды одан ары дамыту перспективасы, жаңа кокс батареясы құрылысының жоспары, экологиялық қалдықтарды азайту жөнінде қабылданып жатқан шаралар жайында мәлімет берді.

"Бұл қазақстандық металлургиядағы көшбасшы кәсіпорын. Мұнда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің еңбек жолын бастаған. Біз өндіріс қуатын арттыруды мақсат етіп отырмыз. Маған жаңа инвестициялық жобалар, өндірісті жаңғырту, әлеуметтік жағдайды жақсарту жайында баяндады. Кәсіпорынның алдында тұрған міндеттер аз емес. Сондықтан оны ретіне қарай шешу керек. Ол жайында бұған дейін Премьер-Министрмен сөйлестім. Жаңа облыс әкімімен де бірқатар мәселені талқыладық. Барлық мәселені ақырындап шешу қажет", - деді Қазақстан Президенті.

Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев металлургия зауытының еңбек ұжымымен әңгімелесіп, жұмыстарына табыс тіледі.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Валюта бағамы

 498.59   521.12   4.87 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети