Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
"Құрметті қазақстандықтар!
Баршаңызды Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Бәрімізді қуаныш пен сүйіспеншілік сезіміне бөлейтін бұл мереке – бейбітшілік пен жақсылықтың нышаны. Оның философиялық мәні зор және бүкіләлемдік мәдени сипаты бар.
Көне заманнан бастау алатын осынау мейрам жаңару мен жаңа өмірдің басталу сәтін сипаттайды.
Наурыз – рухани бай мұрамыздың, бірегей ұлттық кодымыз бен үздіксіз ұрпақ сабақтастығының жарқын символы.
Бұл мереке өмірімізге жасампаздық пен дамудың жаңа лебін әкеледі.
Бүгінде Наурыз – ортақ шаңырағымыз – Қазақстан Республикасындағы достықты, өзара құрмет пен келісімді нығайтуға септігін тигізетін шын мәніндегі жалпыхалықтық мейрам.
Оның мәңгілік мәні – ең жоғары құндылығымыз бен ортақ байлығымызды – халықтың ынтымағын бекемдеу.
«Бірлік бар жерде, тірлік бар» дейді халық даналығы.
Әз-Наурыз әр отбасына бақ-береке әкелсін!", - делінген хабарламада.