Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық кеңес президенті Шарль Мишельмен келіссөз жүргізді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық кеңес президенті Шарль Мишельмен келіссөз жүргізді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық кеңес президенті Шарль Мишельмен бейнебайланыс режимінде екіжақты келіссөз жүргізді. Виртуал кездесу еуропалық тараптың бастамасымен өткен.
Өзара достық пен сенімге негізделген әңгімелесу барысында тараптар Қазақстандағы қазіргі ішкі саяси ахуалды және Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы стратегиялық серіктестіктің даму бағыттарын талқылады.
Шарль Мишельдің өтініші бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі қазіргі оқиғалардың себептері мен қабылданып жатқан мемлекеттік шаралар жөнінде айтты. Конституциялық құрылымға нұқсан келтіріп, мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылған лаңкестер мен бұзақылардың зорлық-зомбылық әрекеттері туралы айтылды.
Президент қайғылы оқиғаларды аса ауыр басқыншылық әрекет және мемлекеттілігімізге жасалған қастандық деп атады. Сондай-ақ, лаңкестердің әрекеттері салдарынан көптеген құқық қорғау қызметкері мен бейбіт тұрғынның құрбан болғанын, 1300-ге жуық кәсіпкерлік нысанға залал келгенін, 100-ден аса сауда орталығы мен банк тоналғанын, 500-ге жуық полиция көлігі өртенгенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, алдын ала бағалау бойынша экономикалық шығын көлемі - 2-3 миллиард АҚШ доллары.
"Мұның лаңкестік шабуыл екеніне ешқандай күмәнім жоқ. Бұл - Қазақстанға қарсы жақсы ұйымдасқан, әбден дайындалған басқыншылық әрекет. Шабуыл жасағандар ішінде Орталық Азия елдерінен, оның ішінде Ауғанстаннан келген шетелдік содырлар бар. Сонымен қатар, Таяу Шығыстан келген содырлар да бар. Олардың пиғылы біздің аумақты бақылауда ұстайтын хаос аймағына айналдыру, содан кейін билікті басып алу болды. Сондықтан Қазақстанда лаңкестікке қарсы операция басталды", - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев ел аумағына ҰҚШҰ-ның бітімгерлік күштері құрамының орналасуы жөнінде нақты түсіндіріп өтті.
"Бітімгерлік күштері әскери операцияларға қатыспайтынын ашып айтқым келеді. Олардың негізгі міндеті - Алматы қаласы мен Қазақстан астанасындағы стратегиялық нысандарды қорғау. Бұл қазақстандық күштік құрылымдардың лаңкестерге қарсы іс-қимылдарын жүзеге асыруына мүмкіндік береді. ҰҚШҰ-ның бітімгерлік күштері ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың 2- және 4-баптарына сәйкес орналасты. Олар Қазақстандағы жағдай толық тұрақтанғанша болады", - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Қазақстан өзінің халықаралық міндеттемелерін сақтайтынын айтып, Еуропа Одағының институттарымен және оған мүше мемлекеттермен арадағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін нақтылады.
Шарль Мишель еліміздегі кейінгі оқиғалар туралы егжей-тегжейлі білуге мүмкіндік берген осы виртуалды кездесудің зор пайдасы болғанын айтты. Ол Қазақстандағы оқиғаларға қатысты түрлі мәліметтен гөрі осылай шынайы ақпарат алудың маңызды екеніне тоқталды.
"Біз Сіздің еліңіздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдаймыз. Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайынбыз", - деді Еуропалық кеңес президенті.
Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар сыртқы құрылымдар деңгейінде тұрақты байланыс жасап тұруға уағдаласты.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!