Мемлекет басшысы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевты қабылдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевты қабылдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа оқу орнының бір жылда атқарған жұмыстары мен алдағы даму жоспары таныстырылды. Сондай-ақ, ректор Мемлекет басшысына білім беру үдерісі, ғылыми-зерттеу жұмыстары және университеттің халықаралық жетістіктері туралы баяндады.
Кездесу барысында Жансейіт Түймебаев Президентке ғылыми жобалардың тиімділігі мен кадрлардың әлеуетін арттыру және оқу ордасының 90 жылдығы қарсаңында ҚазҰУ қалашығын қайта жаңғырту жөніндегі ұсынысын жеткізді. Оның айтуынша, 2024 жылға қарай университет еліміздің ғылыми-техникалық дамуының перспективті деген бағыттары бойынша 650-ден аса ғылыми жобаны қолға алады. Ректор ғылыми жобалардың нәтижелерін экономиканың нақты секторына айналдыру 20-ға жуық спин-офф компанияларын құру арқылы жүзеге асырылатынын айтты.
Жансейіт Түймебаев жетекші оқу орнындағы ұзақ жылдардан бері қордаланған мәселелерге де тоқталып, оларды шешу жолдары туралы ұсынысын жеткізді. Соның ішінде ескірген жатақханалар мен тозығы жеткен оқу корпустарының жай-күйі, 2 мыңнан аса оқытушы мен қызметкердің баспанаға мұқтаж екенін баяндады.
Кездесу аяғында Президент білім сапасын түбегейлі жақсарту және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылымның қосатын үлесін арттыру мәселелеріне назар аударып, университет басшысының ұсыныстарын қолдады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!