Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға ресми сапары аясында Қытай компанияларының басшыларымен бірқатар кездесу өткізді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға ресми сапары аясында Қытай компанияларының басшыларымен бірқатар кездесу өткізді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Қазақстан Президенті CRRC Сorporation Limited компаниясының басқарма төрағасы әрі атқарушы директоры Cунь Юнцайды қабылдады.
CRRC Сorporation Limited компаниясының басқарма төрағасы әрі атқарушы директоры Cунь Юнцаймен кездесу барысында машина жасау және теміржол транспорты салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа "Бір белдеу, бір жол" форумы аясында "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы мен СRRC арасында құны 1,3 миллиард доллар болатын ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылатыны жайында баяндалды. Аталған құжат бойынша 200 маневрлік және магистральдық тепловоздар сатып алу, сондай-ақ Қазақстанда инжиниринг және сервистік қызмет көрсету орталықтарын ашу қарастырылған.
Президент еліміздің озық технологияларды қолдану және теміржол техникасына қызмет көрсету орталықтарын ашу арқылы локомотивтер өндірісінің жергілікті үлесін арттыруға мүдделі екенін атап өтті. Осы орайда Мемлекет басшысы Қазақстанның негізгі көлік-логистикалық хаб екенін айтып, сол арқылы CRRC компаниясының Еуразия кеңістігі мен Еуропа нарықтарына шыға алатынын жеткізді. Бұл ретте Мемлекет басшысы компанияның осы мақсаттарға 200 миллион доллар инвестиция құю ниетін құптады.
"20 жыл бойы Сіздің корпорацияңыз елімізбен табысты ынтымақтастықта жұмыс істегені қуантады. Осы жылдар ішінде Қазақстан компаниядан 300-ге жуық жолаушылар вагоны мен локомотивтерді, сондай-ақ 6 мың жүк вагонын сатып алды. Қазақстанда компанияның өнімдері сапалы екенін көрсетті. Біздің серіктестігімізді жаңа деңгейге көтеруге барлық мүмкіндік бар екеніне сенімдімін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Сунь Юнцай Қазақстанның CRRC компаниясына көрсетіп жатқан қолдауы үшін ризашылығын білдірді. Оның пікірінше, кәсіпорын Қазақстан нарығында қызмет еткен 20 жыл ішінде өзара тиімді ынтымақтастық жоғары деңгейге көтерілген.
CRRC Corporation Limited корпорациясы әлемдегі теміржол транспортының ең ірі өндірушісі саналады және әлемдік локомотив өндірісі нарығының шамамен 50 пайызы Қытай компаниясына тиесілі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға ресми сапары аясында CITIC Group компаниясының басқарма төрағасы Чжу Хэсиньмен кездесу өткізді. Әңгімелесу барысында энергетика, мұнай химиясы өнеркәсібі және басқа да маңызды салалардағы өзара серіктестікті нығайту мәселелері талқыланды.
Президентке CITIC Group компаниясы мен Қазақстанның бұған дейін қол жеткізген уағдаластықтарының жүзеге асырылу барысы туралы мәлімет берілді.
"Біздің тұрақты кездесулеріміз арадағы ынтымақтастықтың стратегиялық сипатын білдіреді. Биыл мамыр айында CITIC Construction компаниясы қазақстандық серіктестерімен жалпы инвестиция көлемі 2 миллиард доллар болатын жобаларды іске асыру жөніндегі 5 құжатқа қол қойды. Маңызды жобалардың бірі – Ақтаудағы Caspi Bitum зауытының мұнай өңдеу қуатын жылына 1,5 миллион тоннаға дейін жеткізу. Маған "ҚазМұнайГаз" бен CITIC Group арасында тиісті келісімге қол қойылғаны жөнінде мәлімет берілді. Құрылыс саласында мол тәжірибеңіз бар екенін ескерсек, бұл жоба сапалы әрі қысқа мерзім ішінде жүзеге асырылады деп ойлаймын", – деді Мемлекет басшысы.
CITIC басқарма төрағасы Қазақстан тарапымен өзара тиімді ынтымақтастықты жоғары бағалады.
"Біздің СITIC корпорациясы Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатыр. Маған және менің әріптестеріме бүгін сізбен жүздесу – зор мәртебе. Біздің қызметіміздің негізгі мақсаты – Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықты нығайту", – деді Чжу Хэсинь.
Бұдан бөлек, кездесу барысында инвестиция және агроөнеркәсіп кешені салаларындағы ынтымақтастық перспективалары қарастырылды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!