Тоқаев Қытаймен ынтымақтастықты одан әрі жандандырудың басым бағыттарына тоқталды

Дина Шарипханова
Дина Шарипханова Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Тоқаев Қытаймен ынтымақтастықты одан әрі жандандырудың басым бағыттарына тоқталды

Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайда өтіп жатқан Қазақстан-қытай іскерлік кеңесінің сегізінші отырысына қатысып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайда өтіп жатқан Қазақстан-қытай іскерлік кеңесінің сегізінші отырысына қатысып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзара ынтымақтастықты одан әрі жандандырудың бірқатар басым бағыттарына тоқталды.

"Қазақстан Қытайдың жақын көршісі және сенімді серіктесі ретінде Төраға Си Цзиньпин ұсынған "Бір белдеу, бір жол" жаһандық бастамасын қолдайды және оны жүзеге асыруға белсене қатысады. Қытай мен Еуропа арасында құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызы біздің жеріміз арқылы өтеді. Биыл "Достық – Мойынты" темір жолының екінші желісі іске қосылады. Соның арқасында Қазақстан арқылы өтетін "Қытай – Еуропа" транзит дәлізінің жүк өткізу мүмкіндігі 5 есе артады. Сонымен бірге, Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін кеңейтуге барынша атсалысуда. Былтыр осы бағыт бойынша 4,5 миллион тонна жүк өткізілді. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 62 пайызға артық деген сөз. Біз осы саладағы жұмыс қарқынын одан әрі күшейте береміз. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 10 миллион тоннаға жеткізуді көздеп отырмыз. Каспийдегі Ақтау және Құрық порттары арқылы тасымалданатын жүктің көлемі белсенді түрде артып келеді. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында ірі инфрақұрылым жобалары іске қосылды. Соның ішінде Ляньюньган портындағы қазақ-қытай логистика терминалы және Сианьдағы құрғақ порт бар. Сондықтан қытай компанияларының көлік-транзит саласындағы жобаларға қатысуына мол мүмкіндік бар деп күмәнсіз айтуға болады", – деді Мемлекет басшысы.

Президент энергетика саласындағы ықпалдастықты келесі басымдық ретінде атады.

"Атырау облысында Sinopec компаниясымен бірлесіп, полиэтилен шығаратын зауыттың құрылысы басталды. Ауқымды жобаның өндірістік қуаты – жылына бір миллион екі жүз елу мың тонна өнім. Зауыттың құрылысына 7,4 миллиард доллар қаражат салынбақ. Алдағы уақытта CNPC компаниясының қатысуымен Шымкент мұнай өңдеу зауытын жедел жаңғыртудан өткізу жоспарда бар. Біз жаңартылатын энергетикамен де айналысамыз. Бұл ретте, China Power International Holding және China Energy сияқты жетекші қытай компанияларының қатысуымен бірқатар жобаны қолға алмақпыз. Энергетика саласындағы тағы бір маңызды жоба – Маңғыстау облысындағы бу-газ қондырғысының құрылысы. Қуаты 160 мегаватт болатын жоба China Huadian Corporation компаниясымен бірге жүзеге асырылады", – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев атом энергетикасы саласына қытай технологиясын тартуға және осы бағытта білікті мамандар даярлауға мүдделі екенімізді жеткізіп, аталған саладағы ынтымақтастық мәселесі Төраға Си Цзиньпинмен кездесу кезінде егжей-тегжейлі талқыланғанын айтты.

"Бұл бағыт бойынша өзара ықпалдастығымыздың келешегі зор екенін атап өттік. Екі ел осы салада стратегиялық серіктестер болуы керек деп уағдаластық. Біз бұл жұмысқа CNNC компаниясын тартуды көздеп отырмыз. Бүгін осы компанияның басшылығымен кездесу болады. SANY компаниясы да біздің нарығымызда белсенді түрде жұмыс істеп жатыр. Бұл компанияларға ризашылығымды білдіремін. Дәстүрлі қуат көздерін дамыту – еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі жолы. Энергетика саласындағы бірлескен жобалардың барлығы біздің өзара тиімді ынтымақтастығымызды одан әрі нығайта түседі деп санаймын", – деді Президент.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Tengrinews
Читайте также
Join Telegram
Қазақстанда қар жауады

Валюта бағамы

 504.61  course up  587.93  course up  6.63  course up

 

Ауа райы

location-current
Алматы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети