Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 74-ші сессиясының жабылуында видеоүндеу жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 74-ші сессиясының жабылуында видеоүндеу жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде планетаның әр тұрғыны жаһандық пандемияның әсерін сезінгенін айтты. Президенттің айтуынша, бұл ұлттық денсаулық сақтау жүйелері, сондай-ақ көптеген ұйым үшін бұрын-соңды болмаған сынақ.
"Жаһандық дағдарыс кезінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы білім, шеберлік, сараптама ұсына отырып, мүше мемлекеттермен өзара іс-қимылға белсенді түрде қосылды. ДДҰ дамыған және дамушы елдерге COVID-19 вирусына қарсы күресте ғылыми сарапшылар мен тәжірибешілерді біріктіріп, ғылыми зерттеулер, дәлелдемелер дайындау және аса мұқтаждар үшін ресурстарды жұмылдырып, көмек көрсетті, - деді Қазақстан Президенті.
Тоқаевтың айтуынша, ассамблея жұмысы болашаққа ынтымақтастық пен ұжымдық жауапкершілікке негізделген бағдар жасауға тамаша мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев өткен күн мен бүгіннен сабақ алуға шақырды және ДДҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус айтқан ұсыныстарға толық қолдау білдірді. Бұл ұсыныстар ұйымды реформалауға және оны мықты, тиімді және қаржылық тәуелсіз халықаралық ұйымға айналдыруға бағытталған.
Тоқаев видеоүндеуде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің маңыздылығына, 2018 жылғы Астана декларациясын ілгерілету мәселесіне тоқталды.
Президенттің айтуынша, пандемия АМСК-тың мықты жүйесі кез келген жұқпалы ауруларға тиімді жауап берудің негізгі элементі екенін көрсетті. Осы тұрғыда Қазақстан Президенті ДДҰ-мен бірлесіп Алматы қаласындағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі өңірлік бюроны нығайту ниеті туралы айтты.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ДДҰ мақсаттары мен қағидаттарын берік ұстанатынын тағы да растады.
Айта кетейік, 24 мамыр мен 1 маусым аралығында өтіп жатқан шараға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше 194 мемлекет делегаты қатысып жатыр. Сессия тақырыбы: "Қазіргі пандемияның аяқталуы және алдағы індеттердің алдын алу: тиімді, қауіпсіз әрі бейбіт әлемді бірлесіп құру".
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!