1. Басты
  2. Біл
  3. Жаңалықтар
  4. Ел жаңалықтары

Тоқаев Сауд Арабиясы королінің жерлеу рәсіміне қатысады

Қасым-Жомарт Тоқаев. ©REUTERS Қасым-Жомарт Тоқаев. ©REUTERS

Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясы королінің жерлеу рәсіміне барады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі жоғарғы палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

"Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Қос Киенің сақшысы, Сауд Арабиясы королі Абдалла бен Әбдел Әзиз әл-Саудты жерлеу рәсіміне қатысады. Сенат төрағасы Сауд Арабиясының жаңа короліне Қазақстанның Президенті көңіл айтқан жеке жолдауды жеткізеді", - делінген хабарламада. 

Сауд Арабиясының алтыншы королі Абдалла ибн Әбдел Әзиз әл-Сауд 23 қаңтарға қараған түні қайтыс болған еді. Бұл туралы елдің мемлекеттік телеарнасының тікелей эфирінде хабарланды. 

Монарх ауруханада 91-ге қараған шағында қайтыс болды. Бірнеше апта бұрын Абдалла өкпесінің қабынуына байланысты Эр-Рияд ауруханаларының біріне жатқызылған. Соңғы жылдары Сауд Арабиясы королі омыртқасына бірнеше рет операция жасатты.

Оның інісі - 79 жастағы Салман ибн Әбдел Әзиз әл-Сауд Сауд Арабиясының жетінші королі атанды. Жаңа монарх тақ мұрагері ретінде корольдіктің министрлер кеңесі басшысының орынбасары қызметін атқаратын Мукрин ханзаданы атады. Ол - қайтыс болған Абдалла корольдің өгей бауыры.

Абдалла ибн Әбдел Әзиз әл-Сауд таққа 2005 жылдың 1 тамызында отырды. Ол қазіргі замандағы ең егде ел билеушілердің бірі болды. Forbes журналы 2013 жылы оның дәулетін 18 миллиард доллар деп бағалады.