Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Turkistan газетіне берген сұхбатында өзінің жеке басы мен мемлекеттік қызметке деген көзқарасы туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Жұрт Сізді жеке тұлға ретінде де тани түскісі келеді. Сіз жеке өміріңізді көпшілікке жария етуді ұната бермейтін сияқтысыз. Өзіңізді жақсы білетін адамдар "ол жазба мәтіндерге өте мұқият қарайды және асқан табандылықпен жұмыс істейді" дейді. Жеке басыңызға қатысты осындай сұрақтар аз емес. Осының бәрін қорыта айтсақ, Сізді жан дүниесі мен мінез-құлқы қандай адам деуге болады?" - сұхбатта Президентке деген сұрақ қойылды.
"Мен 1975 жылы КСРО сыртқы істер министрлігінің табалдырығын алғаш рет аттадым, мемлекеттік қызметке келгеніме былтыр 50 жыл болды. Алғашқы мамандығым бойынша мен – қытайтанушымын. Бұл кәсіп айрықша табандылықты қажет етеді. Шынымен де, мәтінмен жұмыс істеуге әбден дағдыланғанмын, нашар стильді, әсіресе, әріп қатесін суқаным сүймейді. Жолдауларымды, сөйлейтін сөздерімді, мақалаларымды, тіпті, әріптестеріме жолданатын хаттардың бәрін тікелей өзім қарайтынымды аппараттағылардың барлығы біледі", - деді Мемлекет басшысы.
"Саналы ғұмырым темірдей тәртіпті, зор жауапкершілікті, жүйелі жұмыс істеуді талап ететін мемлекеттік қызметте өтіп келеді. Мұның бәрі менің мінез-құлқым мен дүниетанымыма өз әсерін тигізді.
Сондықтан, "Сіз кімсіз?" деген сипаттағы сауалыңызға қысқаша ғана "мен – мемлекетшіл адаммын" деп жауап берейін", - деді Президент.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!