Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік рәміздер туралы ойын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік рәміздер туралы ойын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Біз ғылымның ұлттық экономикаға қосатын үлесін көбейтуіміз керек. Сонымен бірге, әлемдік ғылыми кеңістікпен ықпалдастықты күшейткен жөн. Ғалымдар еліміздің рухани дамуына да баса мән бергені дұрыс.
Жастардың отаншылдық рухын күшейту керек. Қазір әлеуметтік желіде мемлекеттік Туды қадірлеу туралы көптеген ой-пікірлер айтылуда. Өкінішке қарай, қасиетті Көк туымызға байланысты орын алған жағымсыз жағдайлар азаймай тұр. Сондықтан, байрағымызды пайдалану тәртібін қайта қарау керек деп ойлаймын. Қажет болса, тиісті заңдарға өзгертулер енгізуге болады. Өйткені, Көк туымыз - қастерлі Тәуелсіздігіміздің символы.
"Туған жерге туыңды тік" деп халқымыз бекер айтпаған. Біз - Туын әрқашан биік ұстаған елміз. Осы ретте, Қаныш Сәтбаевтың бір ойы өзекті болып отырған сияқты: "Өз елінің қара тасын мақтан ете алмаған, өзге жердің алтынын да мақтап жарытпақ емес", - деді Президент.
Тоқаев мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеу - әр азаматтың перзенттік парызы екенін атап өтті.
"Осыны өскелең ұрпақтың санасына сіңіретін ең әуелі - сіздер, яғни зиялы қауым", - деп атап өтті Президент.
Еске салайық, 25 мамырда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында "Ирина Кайратовна" мен Shiza-ның концерті өткен болатын. Кейінірек Желі қолданушылары "Ирина Кайратовна" тобының мүшесі Азамат Маркленов пен Асхат Жолшиевтің сахнадағы әрекетін сынады. Әншілер сахнада боғауыз сөз де айтып кеткен. Ал әнші Асхат Жолшиев Қазақстанның туын адамдарға лақтырып жіберген.
Артынша, мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында болған концерттегі оқиғаға қатысты пікір білдірген болатын. Қарин концертті NS group ЖШС ұйымдастырғанын атап өтті. Сонымен қатар, мемлекеттік хатшы мұндай ауқымды іс-шараларды ұйымдастырушылар да жауапкершілікті сезінуі керегін атап өтті.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!