Президент Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Президент Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысына "көлеңкелі" экономика деңгейін қысқарту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы мәлімет берілді. Міндет жүйелі әрі кешенді алдын алу шараларын әзірлеу және өткізу арқылы жүзеге асырылып жатыр.
Жанат Элиманов Қасым-Жомарт Тоқаевқа бүгінге дейін 2,8 триллион теңге көлемінде жалған шот-фактуралар жазып берумен айналысқан 87 қылмыстық топтың жолы кесілгенін баяндады.
"Қабылданған шаралардың нәтижесінде заңды тұлғалардың қолма-қол ақшаға айналдырған қаржы көлемін 24 пайызға азайту мүмкін болды. Бұдан бөлек жасырын жұмыс істеген 10 цехтың қызметі тоқтатылып, есепте жоқ 800 мың шөлмектен аса алкоголь өнімі тәркіленді. Сондай-ақ, 96 заңсыз ойын мекемесі жойылып, заңсыз айналымнан 1200-ден аса ойын автоматы, терминалдар мен покер үстелдері алынды. Мұнай және мұнай өнімдері бойынша 40 заңсыз айналым дерегі анықталды", - делінген хабарламада.
Мемлекет басшысы "Айқын экономика" ұлттық жобасын іске қосу туралы бастаманы қолдады. Қаржы саласының ашықтығын қамтамасыз ету, шағын және орта бизнестің "көлеңкелі сектордан" шығуын ынталандыру аталған бастаманың стратегиялық басымдығы болып табылады.
Агенттік төрағасының айтуынша, 2021-2022 жылдары Қазақстанның жылыстатуға қарсы жүйесі қылмыстық жолмен түскен табыстарды заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы ФАТФ (Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобы) стандарттарының сақталуы бойынша өзара бағалаудан өтуі тиіс.
Президент агенттіктің шараға қатысты жүргізіп жатқан дайындық жұмыстарының маңызды екенін айтты және кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!