Реклама +7(700) 388 81 09
  1. Басты
  2. Біл
  3. Жаңалықтар
  4. Ел жаңалықтары

Тоқаевтың Ресейге сапары. Ұлттық музейдегі тексеріс. 16 мамырда Қазақстанда және әлемде не болды? 17 мамыр 2022, 09:57

Тоқаев ҰҚШҰ-ның Мәскеудегі саммитіне қатысты. Қазақстан халқының саны өсті. Ұлттық музей басшылығы қаражат жымқырды деген күдікке ілінді. Tengrinews.kz
  • ПОДЕЛИТЬСЯ
  • Vkontakte
  • Facebook
  • Twitter
  • Одноклассники
  • Telegram
Новостью поделились: человек
  • Қате таптыңыз ба?

Фото: Борт N1 Telegram-арнасы Фото: Борт N1 Telegram-арнасы

Тоқаев ҰҚШҰ-ның Мәскеудегі саммитіне қатысты. Қазақстан халқының саны өсті. Ұлттық музей басшылығы қаражат жымқырды деген күдікке ілінді. Tengrinews.kz тілшісі өткен күннің ең маңызды жаңалықтарын жинап, топтама жасады.

Қазақстан бойынша жалған автобөлшек сатумен айналысқан топ ұсталды 

Қаржы мониторингінің жедел іс-шаралар барысында жалпы сомасы 1,8 миллиард теңгеден асатын "Тойота", "Лексус", "Хюндай", "Хонда" тауар белгісі бар контрафактілік автобөлшектер қоймасы жойылды. Ведомство мәліметінше, контрафактілік қосалқы бөлшектер фирмалық қораптарға салынып, Қазақстанның көлік базарларына таратылған. Тергеу барысында 106 мыңға жуық жалған автокөлік бөлшектері тәркіленді. Қазір іс сотта қаралып жатыр. Қаржы мониторингі агенттігі тауар таңбаларының заңсыз пайдаланылуын анықтау және адал бизнесті қорғау бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.

"Алтын Орда" базарында қандай заңбұзушылықтар болғаны айтылды  

Мемлекеттік кірістер комитеті "Алтын Орда" базарында қандай заңбұзушылықтар болғанын мәлімдеді. Бақылау іс-шаралары Altyn Orda QazTrade Ltd ЖШС және KURYLYS LTD - "Құрылыс ЛТД" ЖШС нарық иесіне қатысты жүргізілді. Ведомство нарыққа қатысты бірқатар бақылау іс-шарасын жүргізгенін атап өтті.

"Алтын Орда" базарының аумағында сауда жасайтын 2 993 тұлға кәсіпкер ретінде тіркелді (оның ішінде ақпанда - 1371, наурызда - 1443, сәуірде - 179). Бұрын есепте тұрған жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың саны 3 324-ке жетті. Бұрын базар аумағында 331 салық төлеуші есепте тұрған", - делінген хабарламада.

Ұлттық музей басшылығы қаражат жымқырды деген күдікке ілінді 

Нұр-Cұлтан қаласы бойынша Cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің "Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі" РМҚК лауазымды тұлғаларына қатысты "Алтын адамның" әлем музейлеріне шеруі" халықаралық көрмесін өткізу бойынша Мемлекеттік сатып алу туралы шарт аясында 146 миллион теңге сомасында бюджет қаражатын жымқыру белгілері бойынша соталды тергеу жүргізіп жатыр. Бұл туралы Антикор мәлімдеді. Ведомство мәліметінше, шарттың жалпы сомасы - 1,2 миллиард теңге.

Жеңілдетілген автонесиеге өтініш қабылдау басталды

Нұр-Сұлтанда автокөлік салондарында ұзын-сонар кезек пайда болды. Тұран көшесіндегі автосалондарда және Нұр-Сұлтандағы басқа да автосалондарда 50-ге жуық адам кезекте тұр. 

Жеңілдетілген автонесие шарты бойынша кез келген қазақстандық автомобильді несиеге 4 пайызбен сатып ала алады. Автокредит 10 миллион теңгеден аспайтын сомаға және 7 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бастапқы жарна 0 пайыздан басталады, көлік құралының жалпы құны 15 миллион теңгеден аспауы тиіс. Бұл жолы жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасының шарттарына Hyundai, KIA, Chevrolet, LADA, JAC және Renault компанияларының кейбір моделі кіреді.

Фото: Tengrinews.kz

Қазақстан халқының саны өсті 

1 сәуірдегі жағдай бойынша, Қазақстандағы адам саны 19 178,8 мыңға жетті. Бұл туралы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді. Қалалықтар саны - 11 419,8 мың (59,5 пайыз), ауылдықтар - 7 759 мың адам (40,5 пайыз). 2021 жылғы 1 сәуірмен салыстырғанда халық саны 238,3 мың адамға немесе 1,3 пайыз өсті. 2022 жылғы қаңтар-наурызда республика халқының табиғи өсімі 2021 жылғы қаңтар-наурызбен салыстырғанда (64,3 мың адам) 10,6 пайызға кеміп, 57,5 мың адам болды. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда - 12,13 адам. 

Алдағы үш күнде ауа райы қандай болады? 

Қазгидромет Қазақстандағы 17, 18 және 19 мамырға арналған ауа райы болжамын ұсынды. Синоптиктер алдағы үш күнде Қара теңіз аймағынан қозғалатын циклон елдегі ауа райына әсер ететінін атап өтті. Осыған байланысты республиканың басым бөлігінде жаңбыр жауады. 18-19 мамырда оңтүстікте, оңтүстік-шығыста, 19 мамырда солтүстікте жаңбыр жауып, соңы бұршаққа ұласып, жел күшейеді. Оңтүстік-батыста шаңды дауыл болады.

Тоқаев ҰҚШҰ-ның Мәскеудегі саммитіне қатысты 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойылғанына 30 жыл және Ұйымның құрылғанына 20 жыл толуына орай өткен ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық сессиясына қатысты. 

Фото: Ақорда 

Қазақстан Президенті ҰҚШҰ-ның 30 жыл ішінде одан әрі даму үшін зор әлеуеті бар көпжақты ынтымақтастықтың нақты механизмі ретінде қалыптасқанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев бейбітшілік пен тұрақтылықты, халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті сақтау, мүше мемлекеттердің аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғау ҰҚШҰ-ның басты міндеті екенін айтты. Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде халықаралық терроризм мен экстремизмге, заңсыз есірткі және қару-жарақ айналымына, көші-қонға, соның ішінде Ауғанстандағы ахуалдың өршуіне қарсы іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударды. Кездесу қорытындысы бойынша ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық мәлімдемесін қабылдады.

Фото: Борт N1 Telegram-арнасы 

Тоқаев Путинмен кездесті 

Екі ел басшылары ҰҚШҰ-ның мерейтойлық саммиті аяқталғаннан кейін кездескен. Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынастардың өзекті мәселелері, соның ішінде сауда-экономикалық ынтымақтастық саласы мен алдағы іс-шаралар кестесі талқыланды. Президенттер екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, сондай-ақ сауда-экономикалық саладағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын талқылады. Қазақстан Президенті бүгінде машина жасау, металлургия, химия өнеркәсібі сияқты салаларда жалпы құны 4 миллиард доллар болатын 20 ірі жобаның әртүрлі сатыда жүзеге асырылып жатқанын айтты. Ресей Президенті өз кезегінде екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың оң қарқынын атап өтті. Тараптар күн тәртібіндегі екіжақты кешенді экономикалық мәселелердің бәрін биыл күзде Орынборда өткізуге жоспарланған Аймақаралық форумда талқылауға уағдаласты.

Ердоған Финляндия мен Швецияның НАТО-ға мүше болуына қарсылық білдірді 

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Швеция мен Финляндияның НАТО-ға кіруіне қарсы екенін айтты. Ол бұл шешімді қолдай алмайтынын айтып, НАТО қауіпсіздік ұйымы емес, лаңкестік топтардың мекеніне айналғанын жеткізді. Бұл туралы ол Анкарада өткен брифингте мәлімдеді

Фото ©REUTERS

Нью-Делиде ауа температурасы 49 градусқа жетті: қаза тапқандар бар 

Үндістан астанасы Нью-Делидің кейбір аудандарында ауа температурасы рекордтық 49,2 градусқа жетті. Үндістанның метеорологиялық департаменті Химачал-Прадеш, Харьяна, Уттаракханд, Пенджаб және Бихар штаттарында кейінгі бірнеше күнде температура күрт көтерілгенін хабарлады. Көптеген ауданда, соның ішінде Нью-Делиде температура 49 градусқа жетті. Наурыздың аяғынан бастап болжанған жылу соққыларынан жиырмадан астам адам қайтыс болды, ал электр энергиясына деген сұраныс артқан. Елдің кейбір бөліктерінің билігі халықтан сақтық шараларын сақтауды сұрап отыр, өйткені температура әлі де жоғары болады деп болжанған. Олар жылу халықтың осал топтарына, соның ішінде сәбилерге, қарттарға және созылмалы аурулары бар адамдарға зиян келтіруі мүмкін екенін ескертті.

Фото ©REUTERS

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!



Join Telegram