Мемлекет басшысы Қасым-Жмарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жмарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен бейнебайланыс режимінде Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға премьер-министр Әлихан Смайылов, Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин, Президент Әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу, Үкімет мүшелері, облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері, орталық мемлекеттік органдардың және ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысты.
Мемлекет басшысы жиында сөйлеген сөзінде еліміздің былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, биылғы жоспардың талқыланатынын атап өтті.
"Өткен жылы ел экономикасы 4 пайызға өсті. Өңдеу өнеркәсібі - 5,5, құрылыс индустриясы 7,6 пайызға артты. Қызмет көрсету саласында оң үрдіс бар. Сауда-саттық - 9,2, көлік саласы 3,6 пайызға артты. Дегенмен, инфляция межелі деңгейден асып кетті. Бұл көрсеткіш 8,4 пайыз болды. Өкінішке қарай, қаңтар оқиғалары қалыпты өмірімізді түбегейлі өзгертті. Заңсыз әрекеттердің салдарынан көптеген азаматтарымыз зардап шекті. Шағын және орта бизнес өкілдері шығынға ұшырады. Қазіргі мәліметтер бойынша бизнеске 100 миллиардтан астам теңге көлемінде залал келді", - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің пандемияға, іскерлік белсенділіктің төмендеуіне және ұлттық қауіпсіздікке төнген сын-қатерлерге байланысты күрделі кезеңді бастан өткеріп отырғанына назар аударды.
"Біз осындай қиын жағдайда ел бірлігінің арқасында мемлекетіміздің қауіпсіздігін, тіпті тұтастығын да сақтап қалдық. Қазір Үкіметтің басты міндеті - халықтың әл-ауқатын арттыру, азаматтардың табысындағы алшақтықты азайту және еңбек етуге қолайлы жұмыс орындарын ашу. Бәріміз елдің игілігі үшін қызмет етуге тиіспіз", - деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, халықтың табысын арттыру және теңсіздікті азайту басым міндеттің бірі.
"Қазіргі таңда 1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Бұл - соңғы 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш. Қазіргі уақытта менің тапсырмам бойынша Халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама әзірленіп жатыр", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы инфляцияны ауыздықтау мәселесін екінші міндет ретінде атады.
"Сауда-саттықтағы тиімсіз делдалдыққа тоқтау салатын кез келді. Мысалы, 3 миллион адам тұратын Алматы қаласы мен оның төңірегіндегі елді мекен тұрғындары тұтыну тауарларын көбіне "Алтын орда" базарынан алады. Алматы облысы мен Алматы қаласының әкімдеріне Үкіметпен бірлесіп, базарды тексеруді және тәртіп орнатуды тапсырамын. Бұл жер пайдакүнемдер үшін нағыз майшелпекке айналған. Бұған Алматыдағы қаңтар оқиғасы кезінде анық көз жеткіздік. Бұл басқа өңірлерге де қатысты мәселе. Қажет болса, бұл жұмысқа құқық қорғау органдары атсалыссын. Екі ай уақыт беремін", - деді Президент.
Мемлекет басшысы экономиканы өркендету үшін қосымша қаражат қарастыру міндетіне де тоқталды.
"Еркін экономикалық аймақтардың көпшілігі инвестиция әкелу үшін тиімді бола алмады деп мен бірнеше рет айттым. Жарты триллион теңгеге жуық ауқымды салықтық ынталандыру топтамасына қарамастан, жағдай осындай болып тұр. Нәтижесінде не таптық? Соңғы үш жылда еркін экономикалық аймақтарда өндірілген тауар көлемі ішкі жалпы өнімнің 1,5 пайызынан аспайды. Ал экспорттың үлесі жалпыелдік өнімнің 0,1 пайызын ғана құрайды. Осы мәселені реттейтін кез келді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Үкіметке бір айдың ішінде заңға өзгеріс енгізуден бастап, барлық қажетті шараны қабылдауға, соның ішінде іштен және сырттан инвестор тартуға тапсырма берді.
Мемлекет басшысы кеден бекеттеріндегі қордаланған мәселелерді жедел шешу қажет деп санайды.
"Тағы да қайталап айтамын: ондағы былықты жөнге келтірмесе, салдары қиын болуы мүмкін. Қытайдың статистикасы мен біздегі көрсеткіштің айырмасы 5,7 миллиард доллар болуы – соның дәлелі. Қазір Қытаймен арадағы кеден бекетінде 12 мыңнан астам көлік электронды кезекте тұр. Құзырлы экономикалық операторлардың заңсыз іс-әрекеті туралы бұған дейін де айттым. Олар кеденнен және басқа да бақылау органдарынан соншама жеңілдікті қалай алып отыр? Не себепті бұл мәселе назардан тыс қалған? Бұл сұрақтарға 10 күннің ішінде нақты әрі толық жауап күтемін", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент барлық деңгейдегі әкімдердің бюджет дербестігін одан ары арттыруы қажет екеніне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, аймақтардың 82 пайызының дотацияда болуы дұрыс емес.
"Мен бұған дейін бюджетаралық қатынастың жаңа жүйесін қалыптастыру туралы тапсырма берген болатынмын. Осы тапсырманы тағы да естеріңізге саламын", - деді Мемлекет басшысы.
Президент утилизациялық алым мәселесіне де тоқталды.
"Утилизациялық алым бойынша барлық қаражат мемлекет пайдасына түседі деп шештік. Ендігі мәселе - мөлшерлеме деңгейін анықтау. Жұмыс тобы осы мәселені қызу талқылап жатыр. Бірден айтайын, утилизациялық алым қайта қаралады. Бірақ шектен шықпаған жөн. Автоөнеркәсіпті дамытуға жұмсалған ақшаны желге шашудың, ескі автокөліктерді сырттан әкеліп, қалдықтан нарық ашудың қажеті жоқ. Утилизациялық немесе тіркеу алымы түпкі мақсат емес. Бастысы - тұтынушылар үшін автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігін қамтамасыз ету. Өндірушілер мен дистрибьютерлер тарапынан әрекет болады деп сенемін", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жалдамалы тұрғын үйді субсидиялау жөніндегі бастамасын тездетіп жүзеге асыру қажеттігіне де баса мән берді. Бұл бастама өткен жылы іске қосылуы керек еді.
""Отбасы банк" пен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі субсидия алатындар мен жылжымайтын мүлікті жалға берушілер тіркелетін арнайы цифрлық платформаны әзірлеуге тиіс. Азаматтар өздерінің қажеттіліктеріне сәйкес әкімдіктер немесе құрылыс компаниялары айтқан жерден емес, өздері қалаған жерден тұрғын үй таңдай алады. Әлеуметтік жағдайы нашар топтар үшін жалға алу шығынының 50 пайызы мөлшеріндегі субсидия мемлекеттен төленеді. Тұрғындар отбасылық бюджеттің артылған ақшасын азық-түлік, білім алу, медицина және тағы басқа қажеттіліктеріне жұмсай алады. Осы жүйе бойынша өтінімдерді қабылдау мерзімін биылғы 1 мамырдан кешіктірмеуді тапсырамын", - деді Мемлекет басшысы.
Отырыс барысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесіне баса мән берілді.
Президент соңғы бес жылда ауыл шаруашылығын дамытуға 2 триллион теңгеден астам қаражат бөлінгенін еске салды. Алайда, оның айтуынша, субсидия қанша өссе де, бұл салада ауыз толтырып айтатын өзгеріс болған жоқ.
"Субсидия түпкі иесіне жетпей, орта жолда талан-таражға түсуде. Тіпті ауыл шаруашылығына еш қатысы жоқ салалар да оның қызығын көруде. Соңғы жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 960 қылмыстық іс тергеген. Соның 54 пайызы субсидияны жымқыруға қатысты болған. Мысалы, жайылымдық жерлерді суландыруға 80 миллиард теңге бөлінді. Бірақ, оның тең жартысы желге ұшты. Осы жұмысқа қажетті құрал-жабдықтың бағасы 2-3 есе артық көрсетілген. Тіпті, кей жағдайда қаржыны қағаз жүзінде игере салған", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы осы саланы ретке келтіруді, аграрлық саланың тиімділігін арттыруға бағытталған субсидиялаудың жаңа жүйесін құруды тапсырды.
Бұдан бөлек, Президент жерді белгілі бір тұлғалардың меншігіне өтіп кетуіне жол бермеу мәселесіне тоқталды.
"Ауыл шаруашылығы министрлігі бір тұлғаға 98 мың гектарға дейін ауыл шаруашылығы жерлерін иемденуге рұқсат беретін қаулы жобасын әзірледі. Бұл өлшеусіз жер иелену құқығын заңдастыру әрекеті сияқты көрінеді," - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Үкіметке жер учаскелерінің шекті көлемін анықтау үшін сарапшылар мен ғылыми институттардың қатысуымен жұмыс тобын құру тапсырылды. Мұны осы жылдың 1 мамырына дейін бекіту керек.
Президент энергетика кешенін дамытуға тағы бір басым міндеттің бірі ретінде тоқталды. Мемлекет басшысы былтыр осы салада болған дағдарысты еске салды. Атап айтқанда, дизель отынының, авиакеросиннің, сұйытылған мұнай газының, электр қуатының тапшылығы байқалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мәселесін АЭС салу арқылы тез арада шешу қажет деп санайды.
"Жауапты тұлғалардың Атом станциясын салу мәселесі жөніндегі сауалдарға жауап беруден неге жалтаратындарын түсінбеймін. Шындығын айту керек: егер таза атом энергиясы болмаса, инвестиция тартпақ түгіл барлық экономикадан да, аймақтық көшбасшылықтан да айырылып қаламыз. Бізге электр қуаты, әсіресе таза атом энергиясы аса қажет. Экономикалық ахуалдан хабары жоқ популистердің сөзіне ермейік. Атом энергетикасының мәнін кәсіби деңгейде түсіндіру қажет", - деді Президент.
Президент денсаулық сақтау мәселесі жөнінде айта келе, бұл саланың қаржыны көп қажет ететінін атап өтті.
"Қолда бар қаржыны түгендеп, басымдықтарды қайта қарау керек. Бұл – алдағы жобаларға, соның ішінде мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі арқылы салынатын 20 ауруханаға қатысты мәселе. Оның әрқайсысына жұмсалатын шығын қолданыстағы заманауи ауруханалардың құнынан бірнеше есе артық. Мұндай мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі қажет емес", - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін түйіндей келе, мемлекет пен бизнес басшылыққа алуға тиіс қағидаттарды айқындады.
"Жаңа Қазақстанды» құру үшін түсінікті әрі әділ мемлекеттік саясат жүргізілуі керек. Бұл саясат шенеуніктердің жөнсіздігіне жол бермейді. Бәсекеге және технологияға негізделген экономиканы қалыптастырады. Сонымен бірге, жекеменшікке, адамның құқықтары мен бостандығына қол сұғылмауына заң үстемдігі арқылы кепілдік береді", - деді Президент.
Мемлекет басшысы билік пен қоғамның адал еңбек пен әділ ынталандыру идеологиясын ұстануы қажет екенін айтты. Бұл идеология компрадорлар мен уақыт өткізіп жүргендердің, масылдардың орнын алмастыруға тиіс.
"Үкіметке шетелге заңсыз шығарылған қаражаттарды және онда сатып алынған активтерді елімізге қайтару жолдары жөнінде ұсыныс әзірлеуге 2 ай уақыт беремін", - деді Президент.
Сонымен қатар жиын барысында премьер-министр Әлихан Смайылов, Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов, "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов сөз сөйледі.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!