Ranking.kz сарапшылары Қазақстан мен Ресейдегі тұтынушылық несие беру деңгейін салыстырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
2024 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан халқының кредит көлемі 20,7 триллион теңге болған. Оның ішінде азаматтардың тұтынушылық мақсаттарға алған кредиттері 13,8 триллион теңгеге немесе банк секторы тарапынан берілген экономикадағы барлық кредиттердің жалпы сомасының 38,3 пайызына (36 триллион теңгеге) тең.
"Ресейде дәл осындай жылдың қорытындысы бойынша халықтың қарыздары 23,5 триллион рубль болды (шамамен 117,5 триллион теңге). Қамсыздандырылмаған тұтынушылық кредиттер 14,1 триллион рубль болған (шамамен 70,5 триллион теңге). Демек, Ресей Федерациясындағы тұтынушылық кредит көлемі Қазақстандағы көрсеткіштен 5 есе артық", - делінген материалда.
Алайда, экономиканың ауқымы бойынша, абсолютті мәндерді салыстыру дұрыс емес, сондықтан бұл мысал тек түсініктеме үшін келтірілгені айтылды. Екі елдегі халықтың қарыз жүктемесінің деңгейін, сондай-ақ осы көрсеткіштің динамикасын қарастыратын болса.
"2023 жылғы соңғы деректер бойынша, Қазақстанда ЖІӨ-ге шаққанда халықтың кредиттерінің үлесі 14 пайыз болды, ал Ресейде бұл көрсеткіш 19,4 пайызға жетті, Қазақстанға қарағанда 5,4 пайыздық тармаққа артық", - делінген ақпаратта.
Егер өсу динамикасын қарастыратын болса, мұнда да Қазақстан артта қалып отыр.
"Мәселен, бір жыл ішінде Қазақстанда ЖІӨ-ге шаққанда халықтың кредиттерінің үлесі 1,3 пайыздық тармаққа, ал Ресейде 2,1 пайыздық тармаққа өскен. Осылайша, Ресейде қарыз жүктемесі айтарлықтай жоғары ғана емес, сонымен бірге қарқынды өсіп жатыр".
Ресейдегі қарыз жүктемесінің деңгейі Қазақстанға қарағанда едәуір жоғары екені анықталды. Бірақ берілген кредиттер қаншалықты сапалы? Ranking.kz мерзімі өтіп кеткен кредиттерге де талдау жүргізген.
"Ресейде 2024 жылдың ағына қарай халықтың төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен тұтынушылық кредиттерінің үлесі 8,9 пайызға жетті, ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 7,8 пайыз деңгейінде болды. Яғни, бір жыл ішінде 1,1 пайыздық тармаққа өсті. Жақсы көрсеткіш емес (әсіресе, ҚР көрсеткіштерімен салыстырғанда) және ол әлі де өсіп жатыр".
Ал Қазақстанда жағдай айтарлықтай жақсырақ.
"Дәл сол жылдың аяғында халықтың төлем мерзімі өтіп кеткен тұтынушылық кредиттерінің үлесі 3,9 пайыз болды, бұл Ресей Федерациясынан екі есе аз. Айта кетерлігі, ҚР көрсеткіші тек NPL 90+ төлемдерді емес, кез келген мерзімге кешіктірілген жалпы төлемді қамтиды. Демек, Қазақстанда төлем мерзімі 90 күннен асатын проблемалық кредиттердің нақты үлес салмағы одан да аз", - делінген материалда.
ҚР ЕДБ несие портфеліндегі NPL 90+ үлесі жылдық динамикада өзгеріссіз қалып, небәрі 3,05 пайыз болған. Ұзақ мерзімді динамикада жағдай айтарлықтай жақсарды.
"Қазақстанда қарыздардың әлдеқайда сапалы екені айқын, себебі кредиттік өтінімдер барлығына бірдей мақұлдана бермейді. Бүгінде Қазақстанда қарыз алғысы келетіндердің бәрі бірдей кредит ала алмайды. Реттеуші орган енгізген өзгерістер мен шектеулердің салдарынан елде қарыз алушыларға қатаң талаптар қойылады", - дейді сарапшылар.
Ресейде жағдай өзгеше. Кредиттер барлығына, тіпті, қарызы көптерге де беріле береді.
2024 жылы Ресейде тұтынушылық кредиттердің 12 пайызы ҚЖК-сы (яғни қарыз алушының қарыз жүктемесінің көрсеткіші) 80 пайыздан жоғары қарыз алушыларға берілген. Алайда, заң бойынша мұндай азаматтарға кредит карталарының өзін беруге тыйым салынады.
"Жағдай мынадай, адам табысының 80 пайыздан астамы кредит төлемдерін өтеуге кетеді, ол тағы да қарыз алуға мәжбүр болады, ең өкініштісі, оларға қайта кредит мақұлдайды. Бұл ретте Ресей Федерациясындағы барлық қарыз алушылардың 19 пайызының ҚЖК-сы 50 пайыздан 80 пайызға дейін. Демек, 2024 жылы кредит алған қарыз алушылардың жалпы 31 пайызы белшесінен қарыз және қарыз алуын жалғастырды. Өткен жылдары жағдай бұдан да нашар болды", - делінген мамандар талдауында.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!