Тоқтар Төлешовтің "мойындауы" туралы мәліметтің Желіге тарап кетуіне байланысты тергеу басталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Тоқтар Төлешовтің "мойындауы" туралы мәліметтің Желіге тарап кетуіне байланысты тергеу басталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Осыған дейін Facebook желісінде кәсіпкер Тоқтар Төлешовтің "мойындауы" және одан жауап алу хаттамасының көшірмесі делінген сурет жария болған еді. "Сыра королі" өз қолымен жазды делінген құжаттарда оның Қазақстандағы билікті басып алу, жер дауына қатысты митингтерді ұйымдастыру және азаматтық белсенді Талғат Аянды қаржыландыруға ниеті туралы мәліметтер болған. Осы мәліметтерге сәйкес, Талғат Аян алға қойылған міндеттерді орындауы тиіс болған.
Бас прокуратурадағылар Интернетте осы көрсетілген құжаттардың жариялануы дерегі бойынша тексерістің басталғанын атап өтті.
"Бұл көрсетілген құжаттар Атырау облысы бойынша ҰҚКД тергеу тобының жетекшісінің тапсырмасы бойынша Аянов пен басқаларға қатысты қылмыстық істің аясында дайындалған және бұл құжаттардың Интернет-ресурстарға тарап кетуі дерегі бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр", - делінген Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берілген жауапта.
Ведомстводағылар Тоқтар Төлешовке және өзге тұлғаларға қатысты қылмыстық істің құпия түрде қарастырылып жатқанын еске салды.
Тоқтар Төлешовке қатысты іс әскери сотқа 29 тамызда "Құпия" деген таңбамен түскен. Қылмыстық істің көлемі 300 томды құраған. Оған қатысты 100-ге жуық куәгер өтіп жатыр және 12 жәбірленуші бар.
Еске салайық, белгілі кәсіпкер Тоқтар Төлешов 2016 жылдың 30 қаңтарында Шымкентте арнайы операция кезінде ұсталған болатын. Тінту кезінде үйінен және жұмыс орнынан қару-жарақ, есірткі заты және оқу құралдары анықталып, тәркіленген еді. Кәсіпкермен бірге үш адам ұсталды. Төлешовке трансұлттық қылмыстық қоғамдастықты қаржыландырған, сонымен қатар тұрақты қарулы топты құрып, басқарған деген күдік келіп отыр. Тергеу Төлешовтің бірқатар ауыр қылмыс және аса ауыр қылмыс жасағанын анықтаған.
"Оның қылмыстық әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 125, 126, 179, 182, 192, 262, 266, 268, 296 және 367 баптары бойынша, сонымен қатар, 1997 жылғы редакциядағы 96, 107 және 187-баптары бойынша қарастырылып отыр", - деп хабарлаған еді ҚР ҰҚК баспасөз мәслихаты барысында ведомство өкілдері.