Павлодар қаласының 70 жастағы тұрғыны Әсетолла Медеуов әнші Төреғали Төреәлінің концертінде болған жағдай туралы айтып берді. Бейнежазбасында қария Жаңа жыл қарсаңында қазақстандықтарды әншіні кешіруге шақырды, - деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Павлодар қаласының 70 жастағы тұрғыны Әсетолла Медеуов әнші Төреғали Төреәлінің концертінде болған жағдай туралы айтып берді. Бейнежазбасында қария Жаңа жыл қарсаңында қазақстандықтарды әншіні кешіруге шақырды, - деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Әсетолла Медеуовтің айтуынша, 21 желтоқсан күні жұбайы екеуінің отау құрғанына 49 жыл толған. Осыған орай, ақсақал концертке барған.
"Балконда отырып дауыс көтерген қызылордалық көрерменнің қылығы дұрыс болмады. Ал, жас әншінің саханада айтқаны ашу үстінде болды. Ол албырт жүректі жігіт. Енді қанаттанып келе жатқан талант. Елімді көркейтемін деп жүрген азаматты басып тастау қателік деп есептеймін. Кешірімді болу керек. Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ. Үлкен қариялар оған осы күнге дейін талай батасын берді. "Өркенің өссін" деп тілегін айтты", - дейді қария.
Сондай-ақ, ақсақал Павлодар облысы билігінің "Төреғали Төреәлі ресми іс-шараларға қатыспайды" деген шешімін асығыс жасалғанын айтады.
"Менің анам жол апатына ұшырап, 12 адамның арасында жалғыз көз жұмды. Жүргізуші болған жиен ағамды соттауға болатын еді. Бірақ, қазақта "Кешірімді болу", "Күншіл болма" деген сөзі бар. Оның қасында Төреғалиды кешіруге болады ғой. Ашумен айтылғаны белгілі. Жас баланың жастығы. Сол концертте мүгедек бала фотоға түсуге келді. Төреғали суретке түсті, ол жамандық ойлағаны ма? Қолындағы сәбиі бар ана да суретке түсуге келді. Әнші бас тартпады. Қолтаңбасын да берді, жамандық ойлағаны ма? Адамның жүрегі ашық болу керек. Ал, балкондағы көрерменнің айғай көтеруі орынсыз болды", - деп түсіндірді ол.
Әсетолла Медеуовтың редакцияға жолдаған хаты.
Қарияның ойынша, "Ұлы дала баласы" Павлодарға концертпен келіп, халықтан кешірім сұрау керек.
"Бәлкім, ол тегін концертімен келеді ме екен. Тіпті, келмеген жағдайда халықтан кешірім сұрауы керек. 21-і күні болған көрермендерін қайта шақырып, "халқым, артық айтқаным болса, кешіріңдер" деуіне болады. Қыдырәлі Болманов та айтты, әр адам қателеседі. Сондықтан, қазағым өссін десе, әр адам оған кешірімділік танытады", - деп аяқтады сөзін ақсақал.
Еске салайық, 21 желтоқсан күні Төреғали Төреәлі Павлодар қаласында Естай атындағы мәдениет сарайында "Айхай-25" атты ән кешін өткізген болатын. Концерт кезінде көрермендердің бірі өзін Қызылордадан келгенін айтып, әншіден суретке түсе бермей, ән айтуы керектігін ұрысып айтқан. Сахнада тұрған Төреғалидің жауабы қалың жұртшылыққа ұнамаған болатын. Келесі күні әнші Іnstagram-да тікелей эфирге шығып, жазылушыларынан кешірім сұрады.