70 жастағы павлодарлық Светлана Дягтерева қайтыс болғандар тізіміне алынып, зейнетақысынан айырылып қала жаздады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Павлодар тұрғыны өзінің "қайтыс болғанын" банктегі есепшоты бұғатталған кезде ғана білген.
"Банктегілер бұғаттаудың Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) мәліметтеріне сәйкес автоматты түрде жүргізілгенін айтты. Бұл, әдетте, адам қайтыс болғанда немесе картаны ұзақ уақыт пайдаланбағанда жасалады. Біз екі жағдайды да жоққа шығарып, мәселенің мән-жайын білуге кірістік. МКД мұның оларға қатысы жоқ екенін айтып, қайтадан банкке жіберді, ал банк қайтадан МКД-ға бағыттады. Сол жерде анам 2003 жылдың тамызынан бері қайтыс болғандар тізімінде тұрғанын білдік. Бізге АХАТ-қа барып, анам тірі екенін дәлелдеу керек дейді", – деп ашуланады қызы Татьяна Романова.
Анасы екеуі АХАТ-қа барғанда, оның қайтыс болғаны туралы ешқандай жазба табылмаған. Дәл солай ХҚКО базасында да бәрі орынды болып шыққан.
"Біз тым болмаса анамның тірі екенін растайтын құжат беруді сұрадық, бірақ ондай анықтама берілмейтінін айтты. ХҚКО базасында анамның мәртебесі қалыпты көрсетілген. Ақыры, бізге бюрократиялық квест ұйымдастырып берді", – дейді қызы.
Зейнеткердің есепшоты тек екі аптадан кейін ғана Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің сенім телефонына хабарласқан соң бұғаттан шығарылған. Бірақ бұның алғашқы жағдай емес екені белгілі болды.
"2014 жылы тура осындай жағдай болды. Ол кезде әлеуметтік қорғау мекемесіне өтініш жазып, екі айдан кейін ғана мәселе шешілді. Үш жылдан кейін бұл қате ХҚКО базасында қайталанды, оны түзетуге бір ай кетті. Сол кезде жүйенің істен шыққанын айтты, ал қазір мүлде түсініктеме берген жоқ", – дейді Романова.
Павлодар облысы Мемлекеттік кірістер департаменті ешқандай бағдарламалық қате болмағанын мәлімдеді.
"Біз есепшоттарды бұғаттамаймыз және қайтыс болған адамдардың есебін жүргізбейміз. Бұл мәліметтерді АХАТ ұсынады. Біздің жүйеде зейнеткердің аты-жөнінің қасында 2003 жылдың 29 тамызында берілген өлім туралы куәліктің нөмірі тұр. Егер қателік болса, ол бізге қатысты емес. Бірақ Мемлекеттік кірістер комитетіне әйелдің қайтыс болғаны туралы деректерді жоюға сұраныс жібердік", – деді ведомство өкілдері.
Ал АХАТ-та көрсетілген өлім туралы куәліктің басқа адамға тиесілі екенін анықтаған.
"Біздің ақпараттық жүйеде ол қайтыс болғандар қатарында жоқ. Мемлекеттік деректер базасында оның мәртебесі қалыпты. Ал салық органдарында көрсетілген өлім туралы куәлік бұл азаматқа мүлде тиесілі емес. Соңғы күндері осындай мәселемен бізге үш адам жүгінді", – деді АХАТ қызметкерлері.
Зейнеткердің қайтадан "тірілер" қатарына нақты қашан енгізілетіні белгісіз.
"Біз өтініш жаздық, қатені түзетеміз деп уәде берді. Бірақ нақты мерзім айтылған жоқ. Ең өкініштісі – ертең анамның аты-жөнінің жанына тағы бір қайтыс болған адамның дерегі жазылып кетпейтініне ешқандай кепілдік жоқ. Анам осы күндері қатты уайымдап, түнде жылап, жүрегі ауырып қалды. Бірақ бұл жолы да ешкім кешірім сұрамады", – дейді зейнеткердің қызы.
Қазіргі уақытта АХАТ пен Мемлекеттік кірістер органдары арасында мұндай мәселелерді жедел шешуге арналған ортақ регламент жоқ екені анықталды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!