Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі адвокаттың Желіде таратқан видеосына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі адвокаттың Желіде таратқан видеосына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде заңгердің ТҮҚЖБ-ны айыптаған видеосы тарап жатыр.
"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің келісімшарты қолыма түсті, сұмдық жағдай. ТҮҚЖБ-де азаматтар өз қаражаттарын көп жыл бойы жинайды, сосын оларға өздері жинаған қаражаттың сомасында 100 пайыз кредит береді. Бұл жағдайда борышкер 16,5 миллион теңге жинаған және банк оған 16,5 миллион теңге үстінен берді. Яғни ол 33 миллион теңге алады, бірақ қарыз алу туралы келісімшарт 10 жылға 33 миллион теңгеге есептеледі. Пайыз борышкердің өз қаражатына да салынады. Қарызды ай сайынғы төлеу кестесіне қарасақ - бірінші үш жылда сыйақы жабылып отырады, негізгі қарыздың бір тиыны да жабылмайды. Бұл өте арам пиғылды келісімшарт, борышкерді қақпанға түсіреді", - дейді видеода заңгер Зоя Әбілдина (Нарымбаева).
Ал банктің баспасөз хатшысы Айбар Олжаевтың айтуынша, банк клиентінің өзі жинаған қаражатына да паыйз есептеледі деген мәлімдеме жасаған заңгердің мәліметі шындыққа жанаспайды.
"Клиент "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде" 2008 жылдың 17 наурызында есеп ашқан, ал 2008 жылдың 21 сәуірінде аралық тұрғын үй қарызы бойынша кредит беріліп қойған. Түсіндіріп айтар болсақ, клиент банкте қаражат жинаған жоқ, себебі кредит берілген кезде оның депозитінің ашылғанына бір ғана ай болған. (...) Клиент жылдық мөлшерлемесі 5 пайызбен берілетін тұрғын үй қарызын алу бойынша шартты орындамағанын бастапқыда-ақ білген. Яғни жинақтау мерзімі мен төлемдердің реттілігі сақталмаған. Осыған байланысты клиент "Жеңіл" бағдарламасы бойынша аралық қарыз алуға ниет білдірді", - делінген ресми сауалға берілген жауапта.
ТҮҚЖБ мәліметінше, аралық тұрғын үй қарызы бірнеше жыл бойы қаражат жинауға мүмкіндігі жоқ, бірақ қажетті соманың 50 пайыз қаражаты барларға беріледі. Бұл 50 пайыз қаражатты борышкер жинақ есепшотына салады, бұл қаражат кепіл болып саналады және кредит берілгенде есепке алынбайды. Мұның орнына банк 7,5-тен 8,5 пайызға дейінгі мөлшерлемеде 100 пайыз сомада қарыз береді. Банктің сыйақысы берілген 100 пайыз қаражатқа есептеледі. Ал салымшы жинап, депозитке салған 50 пайыз сома сол есепшотта қалады, сөйтіп, үш жыл бойында оған банктің сыйақысы мен мемлекеттің сыйақысы қосылады. Үш жыл өткеннен кейін депозитте жатқан 50 пайыз жинақ ақша аралық қарызды жабуға жұмсалады, ал клиент тұрғын үй қарызына өтеді, оның жылдық мөлшерлемесі 3,5-5 пайыз аралығында.
"Клиентке қатысты айтар болсақ, борышкер 2008 жылдың сәуірінде 33 290 000 теңге көлемінде қарыз алып, сол жылдың шілдесінен бастап кредит бойынша төлем жасамай қойды. Банк сотқа жүгінудің алдында реструктуризация ұсынды, бірақ борышкер бұдан бас тартты. Банк 2009 жылдың 5 мамырында сотқа арыз түсірді, сөйтіп, 2009 жылдың 14 шілдесінже соттың шешімімен "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ-ның борышкердер қарызды өндіру туралы шағым талабы қанағаттандырылды", - деп хабарлады банктегілер.